KZ
Өскемен
-17°
туман Штиль
502.47 525.83 5.68

Әскерилер Веселовка ауылында тұратын 99 жастағы ҰОС ардагерін құттықтады

Бүгін, 14:10 97 Төлеуғазы Жансая

ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері мен 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Глубокое ауданы, Веселовка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Стрехоны 99 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ғасырлық жасқа таяған қария әлі де тың. Майдангер өзін ән-жырмен құттықтай келген әскери оркестр мен әскери қызметшілерді далада күтіп алып, ризашылығын білдірді. Ардагер Өскемендегі әскери бөлімдермен байланысын үзбей, жастарға жол көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп келеді.

Марқакөл ауданында дүниеге келген Павел Стрехо 1943 жылы небәрі 17 жасында әскерге шақырылған. 1944 жылы 3-ші Белорус майданына жіберіліп, 1945 жылы Кенигсбергті азат етуге қатысқан. Ол 3-дәрежелі “Даңқ” орденімен, 1-дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, сондай-ақ “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін”, “Жапонияны жеңгені үшін”, “Жуков” медалімен марапатталған.

Соғыс аяқталған соң туған ауылына оралып, колхозда еңбек еткен. Бес баласы бар, бүгінде ұлдары мен немерелері жанында. 1998 жылы Веселовкаға қоныс аударған.

ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие-идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Жасұлан Сатбалдиев ардагерлердің өмір жолы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

— Павел Еремеевич – ауылымыздағы соңғы соғыс ардагері. Бұл ауылдан майданға 190-нан астам адам аттанса, олардың 88-і оралмаған. Көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсету, олардың есімін мәңгі есте қалдыру – кейінгі ұрпақтың парызы, — дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Кимасова.

Қорғаныс департаментінің өкілдері ардагерге ҚР Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстап, оның ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Жастар үшін оның өмір жолы – үлгі мен өнеге.

Өз кезегінде Павел Стрехо көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, майдан жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Әскери оркестр ардагердің құрметіне патриоттық және соғыс жылдарындағы әндерді орындады.

Жанаргүл Көкенайқызы

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу