KZ
Өскемен
переменная облачность жел 10 м/с, ОШ
496.71 531.33 5.55

Шығыс Қазақстан шенеуніктері жол құрылысындағы сапаны бақылауды үйренді

Бүгін, 15:50 56 Гульжан Мусина

Жолдың бір қыстан кейін бұзылмай, ұзақ жылдарға шыдас беруін қалай қамтамасыз етуге болады? Осы сұраққа жауап іздеген мамандар Өскеменде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен оқыту семинарына жиналды. Іс-шараны «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалы орталық аппараттың қолдауымен ұйымдастырды.

Семинарға аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтердің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бөлімдерінің мамандары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері – барлығы 25 маман қатысты. Спикерлер ретінде Астана мен Өскеменнен келген  жетекші сарапшылары сөз сөйледі.

Әкімдіктер жол жөндеу саласын қалай меңгеруде?

Жол жөндеу әкімдіктер үшін қаншалықты күрделі болуы мүмкін? Мердігерді таптың, келісімшартқа отырдың – бітті, тегіс асфальтті күт деп біреулері ойлар. Дегенмен,  шын мәнінде, бәрі одан да күрделі. Әкімдіктердің тапсырыс беруші мамандары тек мерзімдерді бақылап қана қоймай, жол диагностикасынан бастап материалдардың сапасына дейінгі барлық процестерді түсінуі тиіс. Дәл осы мақсатта аталған семинарда жергілікті атқарушы орган өкілдеріне арнайы оқыту жүргізілді.

Цифрландыру, диагностика және сапаны бақылау

Семинар барысында жол құрылысындағы ең маңызды аспектілер талқыланды:

  • жолдарды диагностикадан өткізу және аспаптық зерттеу
  • орташа жөндеудегі ведомстволық сараптама
  • құрылыс материалдарының сапасын бақылау

Басты назар жаңа цифрлық жүйелерге аударылды. Бұл технологиялар техникалық қауіптерді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру және автоматтандыру

Сартерек ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ляззат Бисекенова өз округінде жол жөндеу жұмыстарын екінші жыл қатарынан қадағалап келеді. Ол үшін семинар өте пайдалы болды:

«Біз порталмен қалай дұрыс жұмыс істеу керек екенін, құжаттарды қалай толтыру керектігін және жол сапасын тексеруде қандай технологиялар қолданылатынын білдік. Қазір тіпті диагностика автоматтандырылған! Жол саласындағы цифрландыру қарқынды дамуда, біз де бұл үдерістен қалыс қалмауымыз керек».

Бұл неге маңызды?

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалы зертханасының меңгерушісі Азамат Мұратбеков семинардың маңыздылығын атап өтті:

«Біз мұндай семинарларды жыл сайын өткіземіз, оған Астанадағы Орталық аппарат мамандарын шақырамыз. Негізгі мақсат – әкімдік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру. Өйткені олар жол жөндеу жұмыстарына тапсырыс береді, бірақ олардың тек 10%-ы ғана салалық білімге ие. Сондықтан олар барлық процестерді түсініп, құжаттарды уақтылы түзетуі, жұмыс кестесін кешіктірмеуі және сапаны қадағалауы өте маңызды».

Жол жылы: ауқымды жөндеу және жаңа жобалар

2024 жыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы деп жарияланды. Облыста бұрын-соңды болмаған 600 шақырым жол жөндеуден өтті. Бұл көлік қатынасының қолжетімділігін жақсартып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырды, сондай-ақ тұрғындар мен туристерге ыңғайлы жағдай жасады.

2025 жылға дейін тағы 392 шақырым жол қалпына келтірілмек. Ең маңызды нысандар қатарында:

  • Өскемен – Риддер – Ресей шекарасы (30 км)
  • Өскемен – Семей (18 км)
  • Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы (30 км)
  • Рахман қайнарларына жаңа жол (көпір мен нығайту жұмыстары)

Облыстың 79 ауылында алғаш рет орталық көшелерге кезең-кезеңімен асфальт төсеу басталды.

Бухтарма арқылы өтетін стратегиялық маңызды көпір

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірдің ашылуы. Бұрын бірнеше сағат уақыт алатын жолды енді небәрі 4 минутта жүріп өтуге болады.

Келешек: жаңа технологиялар және сапаны бақылау

Семинар қатысушылары жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Оқыту бағдарламалары жергілікті билік органдарының бақылау жүйесін жетілдіріп, жол құрылысының барлық кезеңдерінде жоғары сапаны қамтамасыз етуге көмектеседі. Мамандардың кәсібилігі неғұрлым жоғары болса, Шығыс Қазақстан жолдары соғұрлым сенімді болады.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»

ШҚО филиалының баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу