KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 2 м/с, В
499.04 544.45 5.96

ШҚО-да цифрлық болжау жобалары қарастырылып жатыр

Кеше, 17:50 66 Әбішев Ержан

Бүгін ШҚО-да өткен арнайы жиында метеорологиялық, гидрологиялық және аграрлық үдерістердің қауіптерін нақты уақыт режимінде бағалауға мүмкіндік беретін жобалар талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесуде болжамдардың жеделдігі мен нақтылығын арттыруға бағытталған бірқатар жеке компаниялардың бастамалары ұсынылды:
3 км дәлдіктегі метеоболжамдар: жауын-шашын мөлшерін нақты бағалау арқылы жергілікті нөсерлер жайлы уақтылы ақпарат беру мүмкіндігі туады;
Бұқтырма су қоймасы бассейнін 1 км нақтылықпен қамтитын гидрологиялық болжамдар: су тасқыны қауіптерін азайтып, су ресурстарын тиімді басқаруға жол ашады;
Орманды аймақтардағы найзағайларды болжау: метеодеректерді кешенді пайдалану және ерте ескерту жүйесі арқылы орман өрттерінің алдын алу шараларын оңтайландыруға мүмкіндік береді;
Су тасқыны мен қар жиналу қауіптерін басқару: спутниктік, жаһандық және ұлттық деректерді біріктіру арқылы көшкін, сел және басқа да төтенше жағдайлар қаупін бағалап, алдын ала болжауға болады;
Жерүсті және ауылшаруашылық модельдеу: әртүрлі жер жамылғысы типтерінің энергетикалық және су теңгерімін, сондай-ақ топырақтың астындағы қабат параметрлерін бағалау арқылы дала жұмыстарының жоспарын тиімді құруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, бұл жобаларды іске асыру үшін заманауи технологиялармен жабдықталған датчиктер мен метеостанциялар қажет. Олар ауа райы параметрлерін өлшейтін құралдармен – найзағай детекторлары, жауын-шашын өлшегіштер, метеосенсорлар және PTZ-камералармен жабдықталуға тиіс.

Мұндай инфрақұрылымдық жаңғырту ауа сапасы мен ластану деңгейін бақылауды күшейтіп қана қоймай, жол жамылғысы мен көлік магистральдеріндегі қауіпсіздікке әсер ететін ауа райының күрт өзгерістеріне де жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

– Бірнеше компания өз нұсқаларын ұсынды. Біздің міндет – жауапты құрылымдармен бірлесе отырып, әр ұсынысты мұқият зерделеу. Сонымен бірге үдерістің ашықтығына және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет пен бизнестің арасында тиімді диалог орнату маңызды. Себебі инновациялар мен дәстүрлі тәсілдер үйлескенде жақсы нәтиже береді, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс басшысы қазіргі климаттың жылдам өзгеру жағдайында жеке компаниялармен деректер алмасу бойынша ынтымақтастықты жолға қою қажеттігін атап өтті. Заманауи цифрлық шешімдер неғұрлым дәл болжау жасап, оған уақтылы әрекет етуге жол ашады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу