Оқушылар «Өскемен жылу-электр орталығының» жұмысымен танысты (видео)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, жуырда өткен Ұлттық құрылтайда мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар берудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай, бүгін «Өскемен жылу-электр орталығы» ЖШС-да экскурсия және үздік қызметкерлермен мотивациялық кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Өскемен қалалық білім бөлімінің «Бейіндік мектебінің» 10-сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында оқушылар өндірістегі заманауи жабдықтармен жұмыс істейтін еңбек адамдарының қызметімен танысып, олардың өңір экономикасын дамытуға қосып отырған үлесі, кәсіпорындағы технологиялық процестер және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды.
Кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жолымен бөлісуі оқушылар үшін маңызды тәрбие сабағы болды. Білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыс жолын қалай бастағандары, қандай қиындықтарды еңсергендері және жетістікке қалай қол жеткізгендері туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар, еңбек жолында табысқа жету үшін жас маманға еңбекқорлық пен жауапкершілік сияқты кәсіби дағдылардың маңызды екені атап өтілді.
«Өскемен жылу-электр орталығында» жұмыспен қамтылатын негізгі мамандықтар – электриктер мен жылу энергетикасы мамандары. Оларды Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Өскемен жоғары политехникалық колледжі даярлайды.
Айта кетсек, Өскемен жылу-электр орталығы – аймақтық маңызы бар кәсіпорын. Станция өндірген электр және жылу энергиясы қаланың тұрғын үй-коммуналдық секторының жүктемесінің 80%-ын қамтып, «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ сынды ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай