«Рахман қайнары» республикалық деңгейдегі шипажайға айналады

«Рахман қайнары» шипажайы мемлекеттік меншікке қайтарылып, қайта жаңғыртылады. Демалыс базасының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту белсенді түрде жүзеге асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта «Рахман қайнары» шипажайы бұғаттау мен шектеулерден босату процесінен өтіп жатыр. Уақытша түрде ол Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің балансында тұр. Ал болашақта республикалық маңызы бар шипажайға айналуы мүмкін.
Туристер жиі келетін бұл демалыс базасының айналасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мүмкіндік жасалады. ШҚО кәсіпкерлері өз өнімдерін осы жерде саудалай алады. Сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдері шипажай қызметін ұйымдастыру жұмысына тартылмақ.
Кездесу барысында туризм саласының мамандары «Рахман қайнарына» және Рахман көліне апаратын соқпақ жолдың жабылып қалуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Аталған жол демалыс базасы арқылы өтетін жалғыз бағыт болып саналады және бұл – өңірдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі.
Ал жаңа бағыт ашылғанға дейін туристер үшін бұрынғы соқпақ жол жұмыс істей береді.
Елизавета Седых