Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың көкейкесті сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ахмер – тұрғындар саны қарқынды өсіп жатқан, айналасы саяжайларға толы қала етегіндегі ең алып ауылдардың бірі. Ауыл бір төбе болса, саяжайлар бір төбе. Қала адамының бағбандықпен айналысатын, жазғы қонысы саналатын саяжайлар соңғы жылдары «тұрақты мекенге» айналып барады. Ауыл жұртшылығының әкімге қойған көп сауалдары да осы саяжайлар төңірегінде болды.
– Саяжайларда адамдар өз еріктерімен тұрып жатқан жоқ. Қалада тұрғын үйі жоқ азаматтар сонда мекендейді. Дегенмен, заң кедергі келтіріп отыр. Жол салу, жарық тарту жағы қиын. Қандай жағдай болмасын, ол адамдардың жағдайын реттеуге міндеттімін. Өйткені 20 мыңға жуық адам саяжайларда тұрады, – дейді қала басшысы.
Ауыл тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – көше жарығы. Кей көшелерде жарық мүлдем жоқ, бар болған күннің өзінде ауық-ауық сөніп қалады.
– Жарық мәселесінде қиындықтар бар екені рас. Қаражат бөлінді. Кей жерлерде өшкен жарық көзін ауыстыруға қауқарлымыз. Орталық көшелерді желілік сөндіруден, яғни бір көшенің түгелдей жарықсыз қалуынан қорғауымыз керек. Мысалы, Сәтпаев сынды көшелерде жарықтандыру кабельдері жер асты арқылы өткізілгендіктен, сымдар шіріп, жарық өшіп қала береді. Біз оны жөндеумен айналысып жатырмыз. Бірақ, мәселені түбегейлі шешуге жұмыс істеп жатырмыз, – деді әкім.
Аурухана құрылысы – тұрғындар бақылауында
Ахмер ауылында аурухана құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындар жаңа мекемеге ерекше назар аударып, құрылыс сапасына алаңдаушылық білдірді. Олар кірпіш сапасы мен құрылыс орнының ылғалдылығына қатысты күмәндерін айтты.
– Тұрғындардың құрылыс сапасын тексеріп, атсалысуы сүйсінтеді. Мемлекеттен бөлініп жатқан кез келген қаражатқа халықтың немқұрайлы қарамай, сапасына назар аударғаны қуантады. Қазір арыз түссе, біз оны тексеруші органдарға тапсырып, қадағалаймыз. Себебі, бұл игілік – халыққа, – деп жауап берді Алмас Талғатұлы.
Тұрғындар тас жол төсеу мәселесін де көтерді. Әкім бұл сұраққа ашық жауап берді:
– Биыл Ахмер кентіне қаражат жоқ деуге болады. Былтыр біраз қаржы бөлініп, бірнеше көше жөнделді. Биыл ештеңе қарастырылмаған. Соған қарамастан біраз көшелерді жөндеуге міндеттеме алдым. Қаражат іздестіріп жатырмыз. Құмаш Нұрғалиев атындағы көшеге тас жол төселеді, – деп қорытындылады қала басшысы.
Кездесу барысында ахмерліктер қаңғыбас иттер, көше жағалаған қараусыз малдар, санкцияланбаған қоқыс төгу мәселелерін де көтерді. Әкім учаскелік полицияға заң бұзған азаматтарға қатаң шара қолдануды тапсырды.
Айдос Мырзахметов
Фото: Жібек Нұрахмет