KZ
Өскемен
+14°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, В
518.34 591.06 6.27

Шығыс шаһары қалай түрленбек?

10.04.2025, 14:00 227 Төлеуғазы Жансая

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов баспасөз қызметкерлеріне «2025 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы және Өскемен қаласының болашақ дамуы» атты брифинг өткізіп, Шығыстың бас шаһарына қатысты жоспарлары мен жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Қаланың қолданыстағы бас жоспары 2017 жылы жасалған болса, бүгінгі таңда түзету қажеттілігі туындап отыр. Брифингте белгілі болғандай, орталық көшелерді абаттандыру жобалары, ғимараттардың қасбеттерін бояу, кіреберіс элементтерін реттеу, кедергісіз орта құру, кіріктірілген нысандардың маңдайшаларын ретке келтіру сынды жұмыстар қарастырылған.

Атап айтқанда, дамуы қарқынды жүзеге асырылатын өңірлерге 22, 24, 26-шы ықшам аудандары кіреді. 22-ші тұрғын ауданда 9 302 пәтерге арналған 110 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған. Жалпы тұрғын үй қорының ауданы 902,9 мың шаршы метрді құрайды.

Инженерлік желілері бар. Болашақта әрқайсысында шамамен миллион шаршы метр үй тұрғызылады. Жеке меншік құрылысқа тоқталатын болсақ, мұнда 25, 19-шы ықшам аудандар кіреді. 25-ші ықшам ауданға жуықта жарық тарттық, - деді Алмат Ақышов.

24-ші тұрғын ауданда 92 көпқабатты тұрғын үйдің салу жоспарланған, онда 11 715 пәтер немесе 1 337,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 26-тұрғын ауданда 75 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның жалпы ауданы 657,8 мың шаршы метр болатын 8 128 пәтерді қамтиды.

22-ші тұрғын ауданда ауқымды Халыққа қызмет көрсету орталығы салынады. Барлық деректер, өтініштер, ақпараттар бір орталықта өңделетін болады. Сонымен қатар Инновация мектебі тұрғызылып, ұлдар мен қыздарды жеке жеке оқыту көзделеді. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен 5 мың орындық жабық стадион салынады. Эскизді нұсқасы. Орталығымыз осы ықшам ауданға қарай ығысып келеді, - деді Алмат Талғатұлы.

26-тұрғын шағын ауданда есу каналы салынады. Жоба дайын. Құны 27 миллиард теңге соманы құрайды.

Құны өте жоғары. Қымбат жоба. Бірақ, мұнда мейрамханалар да, жағажайлар да бар. Бұл 26-тұрғын аудандарындағы адамдарды тартатын орынға айналады. Құрылыс қарқыны жылдам. ЖМК ауданында да демалатын жер кем де, кем. Сондықтан есу каналына баса назар аударып отырмыз. Ол Ертіс өзеніне дейін жалғасатын болады. Қаржыландыру ретіне орай қуана қуана жүзеге асыратын боламыз, - деді қала басшысы.

Көлік инфрақұрылымы

Болашақта Виноградова көшесіне жалғасып көпір салынады. Жобалау жылдың соңында аяқталады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Бұдан бөлек, Үлбі өзеніне де көпір салынады.

Қабанбай батыр көшесі Үлбі өзеніне тіреледі. Ендігі ойымыз Красина көшесіне дейін көпір салу. Үлбі өзенінен өтетін көпірлер санын көбейту керек, - деді Алмат Ақышов.

Өскемендіктерге мәлім, Сәтпаев, Жібек жолы көшелеріндегі жол айрықтарымен жұмыстар басталып кетті. Брифингте белгілі болғандай, қалада бір емес, екі жол айрығы салыну көздеген.

Бәйтерек орналасқан айналма жолға дейін кептеліс орнайды. Сондықтан екі жол айрығын салмаса жұмыстың мәнісі болмайды, - деді қала әкімі.

Көлемді спорттық нысандар тұрғызылады

Өскеменде ипподром салынатыны туралы талай мәрте жарияланған болатын. Ат үстіндегі азаматтардың сұранысы биыл қанағаттандырылды.

Мердігерлемен келісім жүзеге асырылып жатыр. Ауа райы қолайлы болса, мамыр айында жұмыстар басталады, - деді Алмат Ақышов.

Шығыстың бас шаһарында өз «Алтай аренасы» болады» дегелі ықылым заман өтті. Брифингте бас спорт нысанының он тоғызыншы шағын ауданда орналасатыны және жұмыс барысы белгілі болды. Қала басшысының баяндамасына сенсек, ауқымы жағынан қалада болмаған қайталанбас нысанға айналады.

Қазір құжаттары әзірленуде. Отыз мыңға жуық адам сияды деп болжануда. Бірақ нақты саны жоқ. ЖМК ауданындағы адамдар көп шоғырланатын орындардың біріне айналады. Мұнда тек қана стадион емес, бассейні, жаттығу алаңдары, қонақ үйі, мүмкіндік болса кітапханасын да кіргземіз. Барлығы жоба күйінде. Бірақ жоспарымызда барлығы қарастырылған, - деді әкім.

Бұдан бөлек, Алмат Талғатұлы Президент тапсырмасымен тенниис кортының жобалау жұмыстары жатқанын хабардар етті. Жобалау аяқталғаннан кейін құрылыс басталады.

Қала тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық кеңістік құру

Облыс әкімі тапсырмасына орай Горький көшесі мен Қазақстан көшесінің қиылысындағы алаң абаттандырылады. Мейрамханалары, Микен дүкені, асханалары, «АДК» СҮ орналасқан алаңда адамдар қарасы көп. Қала басшысы мұнда не орындық жоғын, көлік тұрағының ретсіз ұйымдасқанын әділетті бағалады.   

Эскизі жасалды. Қаражат бөлдік. Суретте өте әдемі шықты. Өмірде де солай болады деп сенемін. Қадағалайтын боламыз. Халық жиналатын орын болады. Тұрақтары жайсыз орналасқан. Бірде бір отыратын орны жоқ. Адамдар бұл жолды «жүріп өтуге міндеттелгендей» әсер қалдырады, - деді Алмат Ақышов.

Дәл сол ауданда, КШТ көпірінің астындағы кеңістік те бос, жайсыз жағдайда тұр. Қала басшылығы аспаны жабық кеңістікті жастардың көңіл көтеретін орнына, спорт алаңына айналдырмақ. Мұнда, баскетбол алаңдары, теннис ойнайтын орын, жекпе-жек аренасы қойылады.

Жекпе-жек жастар арасында танымал спорт. Әдемі қоғамдық кеңістік. Сондықтан құрылыс сапасын бақылайтын боламыз. Ауа-райы мұрша берсе бірден кіріскелі отырмыз, - деді қала басшысы.

Қала әкімдігі орналасқан Премитин көшесіне де абаттандыру жүргізіледі.

Жағалауымыз әдемі. Бурова көшесінің маңайы, орталық алаңы, мешітіміз бар. Бұл көшенің бойы абаттандырылмаған. Халыққа ыңғайлы етіп істесек деген оймен жоба жасап жатырмыз. Шілде айына дейін жоба дайын болса, қаражат іздеумен айналысамыз, - деді Алмат Талғатұлы.

Қала сыртындағы тұрғындардың ең жиі аялдайтын, демалатын орны Шешек асуы екені сөзсіз. Жазда бұлағының суын татып, қыста қалың ел сырғанаққа барады.

Ескі жол қараусыз қалды. Қазір тұрғындар бұл жолмен серуендей бастады. Жайлы орын жасамақ ойымыз бар. Әжетханалар, көлік тұрақтары, орындықтар қойсақ, үйленген жастар да осында келетінін сенімді түрде айтамын. Инвестор табылса еспелі жол істесек, халықтың демалуына өте жайлы орынға айналады, - деді әкім.   

Қаламыздағы сәтті жобалардың бірі – үйлерді жарықтандыру жұмыстары. Қабырғаларына сәуле түскен үйлер түнгі қаланың сәнін ашып тұр. Биыл Жеңіс көшесі мен Сәтпаев даңғылы бойындағы үйлерге де бұл тәжірибе қолданылмақ. Қала басшысы бұл алдағы екі айда жүзеге асырылатынын мәлім етті.

Айдос Мырзахметов

Фото: Өскемен қаласы әкімдігінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу