KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 2 м/с, СШ
504.34 556.34 5.97

Қала басшысы: Өскеменде жаңа аудан бой көтереді, кептеліс азаяды

3.04.2025, 17:56 195 Төлеуғазы Жансая


Бүгін қала басшысы Алмат Ақышов баспасөз қызметкерлеріне брифинг өткізіп, бірқатар жоспарларымен бөлісті. Қала әкімі қазіргі уақытта Өскеменнің негізгі құжаты – Бас жоспарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қолданыстағы Бас жоспар 2017 жылы әзірленген болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскеменде 306,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы 22, 24, 26 тұрғын аудандарында, сондай-ақ «Спорт» және «Нұрлы жол» шағын аудандарында жүргізілуде.

22-тұрғын ауданда 9 302 пәтерге арналған 110 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған. Жалпы тұрғын үй қорының ауданы 902,9 мың шаршы метрді құрайды.
24-тұрғын ауданда 92 көпқабатты тұрғын үйдің салынуы жоспарланған. Мұнда 11 715 пәтер немесе 1 337,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

– 24-тұрғын ауданда инженерлік желілер салынуда. Енді көпқабатты үйлер салынады. 6 мектеп, 14 балабақша болады. Әдемі елді мекен болмақ, – деді Алмат Талғатұлы.

24-тұрғын ауданының даму жоспары бойынша:

    •    7 560 орындық 6 мектеп;
    •    5 090 орындық 14 балабақша;
    •    750 орынға арналған балаларға арналған демалыс орталығы салынады.

Бұдан бөлек, қала басшысы кептеліс жиі орын алатын көшелердегі мәселелерге де тоқталды.

– Кептеліс Жібек маталар комбинатына баратын көпірде басталады. Келесі кептеліс Жібек жолы мен Сәтпаев даңғылы көшелерінің қиылысында орын алады. Бір жол айрығын салудың мәні болмайды. Сондықтан екеуіне де айналма жол салып, бір уақытта бітіруге тырысу қажет, – деді Алмат Ақышов.

Биыл қаланың көптеген көшелері жөндеуден өтеді. Қала әкімі жол жұмыстары барысында тұрғындардан қосымша өтініштердің түсетінін, жоспар мен атқарылатын жұмыстардың көлемі әлі де арта түсетінін айтты.

Айдос Мырзахметов

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу