KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 2 м/с, В
515.03 584.82 6.24

Жүкті әйелдерді жолда аса сақ болуға шақырады

pixabay.com

10.04.2025, 16:00 247 Бакимбаева Айна

Шығыс Қазақстан облыстық жедел жәрдем станциясының дәрігерлері болашақ аналарды жолда абай болуға шақырып, көлікпен жүру кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылы бір ғана Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 33 жүкті әйел жарақат алып, олардың алтауы ауруханаға жатқызылды. Ал 2025 жылдың алғашқы екі айының өзінде болашақ аналармен үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір әйел ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілді. 

Республикалық деңгейде 2024 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 1000-нан астам  әйел адам жарақат алды, олардың қатарында жүкті әйелдер де бар. Жолда жүрген әрбір ана – қос өмірдің иесі екенін ескерсек, бұл сандардың артында тұтас тағдырлар жатыр.

Жол апаты – көзге көрінбейтін қауіп

Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік кезіндегі жол апаты ананың ғана емес, іштегі сәбидің өміріне де зор қатер төндіреді. Көп жағдайда болмашы көрінетін соққы мерзімінен бұрын босануға, плацентаның ажырауына, тіпті сәбидің іште жарақат алуына алып келеді.

-Жүкті әйелдерді тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды ережелерді сақтау қажет. Ең алдымен, қауіпсіздік белдігін дұрыс тағу керек: белдік ішті қыспай, оның астынан өтетіндей орналасуы тиіс. Ең қауіпсіз орын – артқы орындық, сондықтан мүмкіндігінше сол жерге отыру ұсынылады. Сондай-ақ жүктіліктің соңғы кезеңдерінде алыс жолдан және көлік көп жүретін трассалардан бас тартқан жөн. Ауа райы шарттарын ескерген дұрыс: көктайғақ, нөсер немесе боран кезінде аса қажеттілік болмаса, сапарға шықпаған жөн. Тіпті қысқа жолға шығар алдында жағдайыңыз нашарласа, сапарды кейінге қалдырған жөн. Жүргізуші үшін де көлікті бірқалыпты және ұқыпты жүргізу, кенеттен тежеу мен күрт бұрылулардан аулақ болу маңызды. Жылдамдық пен арақашықтықты сақтау – міндет. Ең бастысы — қандай да бір жол-көлік оқиғасы болса, тіпті сырттай жарақат байқалмаса да, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет, — дейді ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Дархан Такиров.

Облыс дәрігерлері болашақ аналарды жолда сергек болуға шақыра отырып, әрбір қадамына жауапкершілікпен қарауға үндейді.

-Болашақ ананың өз денсаулығына деген ұқыптылығы – аман-есен босанудың және сәбидің денсаулығының кепілі, - дейді дәрігерлер.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу