Ақшаны қайтарып, моральдық шығынды қоса төледі

pixabay.com
Былтыр тұтынушылар құқығын қорғауға байланысты тұрғындардың талап арыздары бойынша қызмет көрсетушілерден тұтынушыларға сотпен 27 млн. тенге мөлшеріндегі қаржы қайтарылып берілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылдың маусым айында Ж. есімді тұтынушы Департаментке сапасыз диван үшін төленген ақша қаражатын қайтарып беру мәселесі бойынша өтініш берген. Шарт бойынша тауардың құны 461000 теңгені құрайды.
Өтініштің сипатына қысқаша тоқталсақ, "Токио" жиналмалы диванының кепілдік мерзімі 18 айды құрайтын қолданылу кезеңінде, яғни 2024 жылдың мамыр айында диванның жатын бөлігінен жарылу түріндегі ақау пайда болған.
Алайда, «Табылған ақау өнімге шамадан тыс жүктеме немесе нүктелік жүктеменің артуынан орын алды»,- деп берген жеке кәсіпкердің жауабына тұтынушы келіспеген.
Жүргізілген сот-тауар сараптамасы нәтижесінде дивандағы (жақтаудағы) орын алған ақаулар зауыттық ақаулар, өндірістік сипаттағы ақаулар екені анықталады. Шарт бойынша диванның өндірістік сипаттағы ақауы кепілдік мерзімінің қолданылу кезеңінде анықталғанын ескере отырып, сот талапкердің шартты бұзу, 461 000 теңге сомасында ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талаптары негізді және қанағаттандырылуға жатады деген қорытындыға келеді.
Осылайша, Өскемен қалалық сотының 2024 жылғы шешіміне сәйкес Ж. есімді тұтынушының "Токио" жиналмалы диванын сатып алу шартын бұзу, төленген 461 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы және 30 000 теңге өтемақы мөлшеріндегі моральдық зиянды өндіріп беру туралы талап арызы қанағаттандырылды.