Сатып алған заттың кемшілігі болса не істеу керек?
Сатып алған тауар сапасыз болып шықса қайтпек керек? Ал жарамдылық мерзімі өтіп кетсе ше? Бұл сұрақтар кез келген тұтынушыны мазалайтыны белгілі. Мұндай жағдайда не істеу керек, қайда жүгінген дұрыс? Мамандар жауап берсін.
Ең бірінше кезекте тұтынушы өзінің қандай тауар сатып алғанын анықтауы керек. Кейбір өнімдерде жарамдылық мерзімі бар, ал кейбірінде кепілдік мерзімі бар. Соған қарай келесі іс-әрекетке көшкен дұрыс:
- Жарамдылық мерзімі көрсетілген тауардан кемшілік анықталса және дәл сол кезде оның жарамдылық мерзімі өтпеген болса тұтынушы сатушыға өзінің талаптарын қоюға құқылы.
- Егер тауардың кепілдік мерзімі көрсетілген болса және тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі өтпей тұрып анықталса, тұтынушы тауардың кемшілігіне байланысты өзінің талаптарын қоюға құқылы.
Егер шартта өзге жағдайлар ескерілмесе, кепілдік мерзімі тауарды сатып алған кезден бастап есептеледі.
Ал егер тауарда кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі көрсетілмесе, тұтынушы сатып алған күннен бастап екі жыл ішінде тауардың кемшілігі анықталса және егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе тұтынушы тауардың кемшіліктеріне қатысты талаптарын қоя алады.
Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақыт болса және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде анықтаса, егер тұтынушы ол кемшіліктердің тауарды алғанға дейін немесе соған дейін туындаған себептің салдарынан болғанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.
Егер шартта өзге жағдайлар көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүреді.
Тауарды (жинақтаушы бұйымды) алмастырған жағдайда, егер шартта өзге жағдайлар көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі.
Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінен аз болса, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талапты ол кемшіліктер негізгі бұйымның кепілдік мерзімі бітпей табылған кезде қоюға құқылы.
Егер шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінен артық болса, негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері оған белгіленген кепілдік мерзімі ішінде табылса, тұтынушы тауардың кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.
Тауарларды үлгілері бойынша, пошта арқылы, электронды сауда, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу уақыты мен тауарды тұтынушыға беру уақыты сәйкес келмейтін жағдайда, кепілдік мерзімі немесе тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі тауарды тұтынушыға берген (жеткізген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет етсе, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі.
Егер тұтынушы сатушының (дайындаушы) кесірінен тауарды пайдалана алмаса кепілдік мерзімі немесе тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі сатушы (дайындаушы) кемшіліктерді жойғанға дейін есептелмейді.
Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау күнін анықтау мүмкін болмаса, яғни тұтынушы сатып алған тауарын сатушының кінәсінен мақсатына сай қолдана алмаса және кемшіліктерді жою күнін анықтау мүмкін болмаса бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі.
Егер берілген күнді анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім тауар дайындалған күннен бастап есептеледі. Егер тауардың дайындалу мерзімінде тауардың дайындалған айы мен жылы немесе жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні тиісті айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.