Өскеменде сенбілікке 3000 мыңға жуық адам қатысты
Өскеменде көктемгі абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Кезекті жалпықалалық сенбілікке қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық қызмет өкілдері мен кәсіпкерлер, сондай-ақ жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері белсене қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сенбілікке жалпы саны 2757 адам жұмылдырылды. Нәтижесінде 719 текше метрден астам қоқыс жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Бұл жолы тұрғын үйлер аулалары мен саябақтар, демалыс орындары және мекемелерге бекітілген аумақтарды тазалауға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар қураған жапырақтар мен қоқысты жинап, бұтақтарды кесіп, жиектастар мен тротуарларды ретке келтірді.
Сенбілік аясында өткен жарқын оқиғалардың бірі – «Таза ойындар» экологиялық акциясы. Бұл шара тек қаланы қоқыстан тазартуға емес, сонымен қатар тұрғындардың, әсіресе жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Нәтижесінде 280 қап қоқыс, 186 келі ірі көлемді қалдық және 265 келі ескі автокөлік дөңгелектері жиналды.
Өскемен қаласының әкімдігі қала аумағын таза әрі көрікті ұстауға әр тұрғынның үлесі маңызды екенін еске салады. Мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады.