ШҚО-да туристерге арналған орындар көбейіп келеді

Фото: редакция мұрағатынан
Шығыс Қазақстанда 360-тан астам туристке арналған орналастыру орны бар. Олардың басым бөлігі – ауылдық жерлерде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың соңына қарай елімізде туристерді орналастыруға арналған 4303 нысан тіркелген. Ең көп орналастыру орындары Жетісу облысында (390), Алматыда (387), Ақмола облысында (369) және Шығыс Қазақстан облысында (367) шоғырланған.
ШҚО-да туристерге арналған орналастыру орындарының көпшілігі – яғни, 247 нысан ауылдық жерлерде орналасқан. Қала аумағында 120 нысан бар. Ең көп таралған түрлері – бір қабатты бунгало, шале, коттедждер мен пәтерлер. Сонымен қатар өңірде қонақүйлер, демалыс үйлері, туристік базалар, балалар лагерлері мен бірнеше кемпинг те бар.
2024 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстандағы орналастыру орындарында 420 мыңнан астам адам тоқтаған. Олардың шамамен 18 мыңы – шетел азаматы.