KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
517.16 588.48 6.23

63 жыл отасқан ардагерлердің тағылымы (видео)

15.04.2025, 13:30 258 Бакимбаева Айна

00:00
00:00
 

Өскемен қаласының тоқсан жасқа таяп қалған ардақты тұрғындары – тыл еңбеккері, ұстаз, ардагер Дәуіт ата мен Қасиля апа Сағадиевтер  өмір мен еңбектің мәнін шынайы түсінген, соны ұрпағына жеткізе білген жандар. Алпыс үш жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, үш баладан тараған немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған бақытты қариялар тылда атқарған еңбектері мен ұзақ жасау құпиясымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәуіт ата 1936 жылы Ұлан ауданы, Күшбірлік ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда ол небәрі бес жаста ғана болғанымен, балалықтың қызығын көрмей, ерте еңбекке араласқан.  

– Бес жаста едім. Ауылдағы сиыр бағушы Қасен ақсақалды еңбек армиясына алып кеткен соң, «енді ауылдың ересегі өзіңсің» деп маған сиыр бағуды тапсырды. Елу-алпыс сиырды он күн бойы жалғыз бағып, тауға апарып, кешке ауылға қайырып келетінмін. Бұл жұмысты төрт жыл атқардым, – деп еске алады Дәуіт ата.

Сол жылдары Дәуіт бала белі қатпай жатып, күн ұзақ 16 сағат бойы жұмыс істеген. Егін науқаны басталғанда үлкендермен бірге алқапқа барып, өгізге мініп астық таптаған. Тіпті күзетші әйел Үрзиланың кеңесімен өгізге мінгенімен, ер-тоқым болмағандықтан, баланың құйымшағы ойылып, жанына батса да, жұмысты тастамаған. Бұл табандылығына тәнті болған бригадир оған ер-тоқым сыйлаған. Сол ер-тоқым бала Дәуіттің төрт жыл бойы сенімді серігіне айналыпты. Еңбекқорлығына бола ауылдастары оны «Елгезек» деп атап кеткен екен.

Бейбіт заманда Дәуіт Сағадиев білім саласында еңбек етіп, бірнеше мектепте директор, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ол — «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», тыл ардагері ретінде түрлі мерейтойлық медальдардың иегері. Сонымен қатар спортпен де айналысып, салауатты өмір салтын ұстанған.

Қасиля апа да өмір бойы мұғалім болып еңбек етіп, жолдасы екеуі қатар жүріп талай шәкірт тәрбиелеген. 

– Дәуіт атаң екеуміз 30 жылдан астам ұстаздық еттік. Үш баламыз бар: үлкен қызымыз Лира – Алматыда дәрігер, ұлымыз Ерлан – жүргізуші, кіші қызымыз Әлмира – мұғалім. Үш немереміз, бір шөбереміз бар. Немерелеріміздің бірі – Сәулетайымыз – облыстық, қалалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, қазір Алматыда банк саласында қызмет атқарады, – дейді Қасиля апа.

Қасиля апа ұзақ әрі бақытты өмір сүрудің сырын былай деп бөлісті:

– Ең бастысы – адамгершілік. Адам болу. Сабыр мен төзім керек. Еңбек – адамды өсіреді. Бір-бірімізге кешірімді болуымыз керек. Ұзақ бірге өмір сүрудің сыры – сабыр мен түсіністік. Аз күйзеліп, табиғи тамақ ішіп, салауатты өмір сүру маңызды. Үйде жеңіл жаттығулар жасап тұрамыз. Көп қимылдаймыз. Адамдармен араласу да – ұзақ өмір сүрудің бір кепілі. Көршілерімізбен жақсы қарым-қатынастамыз. Ең бастысы – өмірді сүю керек, - дейді Қасиля апа.

Ардақты қос қария – өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, еңбектің күшімен елге қызмет еткен нағыз ерліктің үлгісі. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осындай жандардың өмір жолы – жас ұрпақ үшін зор өнеге.

Фото/видео: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу