Тоқсан алтыншы көктемін қарсы алды

Облыс орталығының тұрғыны Масара Нұрғазина саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, халық шебері және импровизатор ақын атанған тыл ардагері. Төртінші мамырда тоқсан алтыншы көктемін қарсы алған әжеміз әлі тың. Өмірлік серігі Сейілғазы ақсақал екеуі немере-шөберенің ортасында, Гүлзипа есімді қызының қолында тұрып жатыр.
Ұлан ауданындағы Манат ауылының тумасы Масара әжеміз соғыс басталғанда 12-13 жастағы бұғанасы қатпаған бала болатын. Соған қарамастан қара жұмысқа араласып, Жеңіс күнін жақындату үшін ересектерден қалмай еңбектенген. Бірақ әкесі қызының зеректігін байқап, көрші Талапкер ауылындағы мектепке оқуға береді. Кейін оқуын Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатта жалғастырған Масара құрбылары арасында жалғыз өзі аттестат алып шығады. Өскемен қаласындағы педагогикалық училищені, артынан Семейдегі институтты тәмамдап, дипломға қол жеткізеді. Бар ғұмырын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнайды.
Қызы Гүлзипа апаның айтуынша, әжеміз он саусағынан өнер тамған ісмер, шебер. Сырмағына ою-өрнек ойғызып жүретін көрші-қолаң әжеміздің қолынан шыққан көрпе-жастықтарды әлі күнге көздерінің қарашығындай сақтайды екен.
Шығармашылыққа жаны жақын Масара әжемізді кезінде Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына, Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арнайы шақыртқан. Бір жылдары Шығысқа ат басын бұрған жазушы Ғабит Мүсіреповтің де қасында жүрген. Белгілі ақын-жазушылармен шығармашылық байланыста болған Масара Нұрғазинаның екі кітапқа жүк болатын жазбалары болған. Өкінішке орай, 90-шы жылдары жоғалып кеткен екен.
Соғыс кезіндегі еңбегі үшін Масара Нұрғазина «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған. Сонымен қатар білім саласындағы ағартушылық қызметі үшін бірнеше рет республикалық, облыстық грамоталармен, алғыс хаттарымен марапатталған белгілі ұстаз. Алайда Масара әжеміз өмірдегі басты жетістіктері бала-шағасы екенін айтады.