Өскеменде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан облыстық жарыс өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстанның 9 ауданынан келген 29 зейнеткер ұлттық ойында бақ сынау үшін Өскеменде бас қосты.
– Бүгінгі іс-шара ардагерлер арасында тоғызқұмалақ ойынын насихаттауға бағытталған. Бұл бастама Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Шараның басты мақсаты – ұлттық ойынымызды кейінгі ұрпаққа кеңінен танытып, немере-шөберелерімізге отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті сіңіру. Тоғызқұмалақ – 4 мың жылдық тарихы бар, терең ой мен логикаға негізделген зияткерлік ойын. Ерте замандарда бұл ойын тек данышпан, есепке жүйрік жандарға арналған деп есептелген. Өкінішке қарай, бүгінде бұл ойын зейнеткерлер арасында сирек ойналады, ал жастардың қызығушылығы тіптен төмендеген. Дегенмен, тоғызқұмалақты қайта жандандыру бағытында елімізде игі бастамалар қолға алынып жатыр. Бүгінгі іс-шара – соның айқын дәлелі, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Болат Оспанов қатысып, тоғызқұмалақ ойынын дамыту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы ШҚО ақсақалдар кеңесімен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
– Бұрын балалық шағымызда тоғызқұмалақтың қадірі мен маңызын толық түсіне бермедік. Енді бүгінгі ұрпаққа осы ұлттық мұрамызды таныту – біздің міндетіміз. Осы мақсатта бас қосып, меморандумға қол қойдық. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында тоғызқұмалақ үйірмелерін ашып, оны жан-жақты дамытуымыз қажет. Бұл – жай ойын емес, зерде мен зияткерлікті дамытатын ғылым. Біз білімді, ойлы жастарды тәрбиелеуіміз керек. Болашақта Шығыстан тоғызқұмалақтың олимпиада чемпиондары шығуы үшін бар күшімізді саламыз, – деді Болат Оспанов.
Сонымен қатар, Болат Оспанов елімізде тоғызқұмалақты дамытуға елеулі үлес қосқан, шығыстың бірнеше дүркін чемпионы, 2013 жылғы республика чемпионы, 84 жастағы зейнеткер Аманжол Беделмановты федерация президентінің арнайы марапатымен құттықтады.
– Ең алғаш тоғызқұмалақ үйірмесін 1993 жылы Ұлан ауданында ашып, оны жарысқа апарған өзім едім. Бұл ойын баланың ой-өрісін кеңейтеді, сезімталдық пен тапқырлыққа баулиды. Жастайынан баланың бойында жауынгерлік рух, жеңіске деген жігер мен жауапкершілік қалыптасады, – деді Өскеменнің намысын қорғаған ардагер Аманжол Беделманов.
Жарыс қорытындысы бойынша:
- 3-орын – Дәулет Ғарифуллин мен Бекболат Ақылбеков,
- 2-орын – Маргарита Порхоменко,
- 1-орын – Асылтан Боқасов жеңіп алды.
Фото/видео: Ермек Жиенбеков