Өскеменде тоғызқұмалақтан II республикалық турнир өтуде
Өскеменде белгілі түркітанушы, көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловтың құрметіне тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен ардагерлер арасында II республикалық турнирі өтуде. Биыл жарыстың географиясы ауқымды. Сайысқа Абай, Қарағанды, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарынан, сондай-ақ, шығыс өңірінің Өскемен қаласы, Ұлан, Самар, Глубокий, Тарбағатай аудандарынан келген 9 команда қатысып, өзара бақ сынасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиында жарыстың құрметті қонақтары құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының Президенті Әлихан Байменовтың атынан тоғызқұмалақтан «Қазақстан Республикасының Спорт шебері», бірнеше дүркін ҚР чемпионатының жеңімпазы Гүлжан Қилыбаева «Тоғызқұмалақ қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
Турнир жас ерекшеліктеріне байланысты, 9, 11, 15 жастағы жасөспірімдер мен 50 жастан асқан ардагерлердің арасында өтуде.
Атап өтелік, биыл II республикалық турнирге еліміздің бес өңірінен 100-ден аса спортшы қатысуда. ШҚО тоғызқұмалақтан ұлттық спорт федерациясының президенті Төлеубай Есенбердіұлы, жыл сайын бұл жарыстың ауқымы кеңейіп, деңгейі көтеріліп келе жатқанына қуанады.
Жас тоғызқұмалақшылардың дайындықтары мықты, барлығының жеңіске деген ұмтылыстары көрініп тұр.
Ал қарағандылық Наргиз Джангушкарова да, тоғызқұмалақ ойынын жақсы көреді. Айтуынша, осымен үшінші рет жарысқа қатысуы екен. Кішкентай тоғызқұмалақшының талабы таудай, мақсаты айқын. Ол барлық қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атану.
1936 жылы Орталық Азияда жарық көрген алғашқы «Тоғызқұмалақ» кітабының авторы, қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, белгілі ғалым Сәрсен Аманжоловты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан II республикалық турнир өте тартысты, әрі қызықты өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың қорытындысы негізінде, жүлделі I, II, III орын иеленген спортшылар арнайы мақтау қағаздары, медальдармен қоса, тоғызқұмалақтан «Қазақстан Республикасының Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алады.
Арайлым Орсаринова