Сенаторлар ШҚТУ-да: Жұмысшы мамандықтарын дамыту – ел экономикасының кепілі (видео)
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына орай, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан техникалық университетіне арнайы келіп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру жолдарын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесуге қатысқан қоғам қайраткерлерінің қатарында бұрынғы облыс әкімі Талғатбек Абайділдин, бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарақұсова, сондай-ақ Қуаныш Сұлтанов, Бірғаным Әйтімова мен Светлана Жалмағамбетова сынды тәжірибелі тұлғалар бар.
Қуаныш Сұлтанов пен Талғатбек Абайділдин өздерінің еңбек жолдарын қарапайым жұмысшыдан бастағандарын еске алып, жұмысшы кәсібінің өмірлік тәжірибе мен табандылық қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Кездесуде облыстық мәслихат депутаттары Марина Быкова мен Илья Смоляков өңірдегі өзекті мәселелерді көтерді.
Сапар аясында делегация ШҚТУ жанындағы Лу Бань шеберханасына барып, Қытай технологиялары негізінде автокөлік саласы бойынша техникалық мамандарды даярлау жобасының жүзеге асуымен танысты.
Фото: Жібек Нұрахмет















