Сенаторлар кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келді
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің 11 мүшесі Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты жүзеге асырылып отыр. Кеңес мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, жұмысшы мамандықтарының жай-күйімен танысып, өзекті мәселелерді зерделеуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталған бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Сонымен қатар, өңірдегі бес колледжде құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Олардың бірі халықаралық аккредитациядан өтіп үлгерсе, тағы бірі биыл аккредитациядан өтеді деп жоспарланған. Ауылдық жерлердегі жастар үшін мобильді оқу орталықтары іске қосылып, білімге қолжетімділік артып келеді.
Облыста дуалды білім беру жүйесі де тиімді жолға қойылған. Қазіргі таңда 27 колледж бен 448 кәсіпорын арасында әріптестік орнап, бес мыңнан астам студент кәсіби тәжірибеден өтуде. Бұл жастардың нақты өндірістік ортада шыңдалып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, көрнекті мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті республика бойынша ерекше орын алатынын атап өтіп, өңірдің жұмысшы мамандықтарының орталығына айналып отырғанын тілге тиек етті.
2025 жылдан бастап аймақта құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, су көлігі секілді салалар бойынша жаңа жұмысшы мамандықтары енгізілмек.
Жиында энергетика саласының мамандарына тұрғын үй алуға жеңілдетілген ипотекалық несие беру мәселесі де сөз болды. «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы аясында еліміздің өндіріс орындары мен мекемелерінде еңбек ететін жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотекалық жүйе енгізіліп отыр. Айта кетерлігі, мақұлданған алғашқы өтінім – дәл осы Шығыс Қазақстан облысы маманына тиесілі.
Сапар аясында сенаторлар жергілікті тұрғындармен және жұмысшылармен кездесіп, техникалық және инженерлік мамандықтардың маңызы мен болашағы жөнінде пікір алмасады.
Фото: Махаббат Ахметжанова









