ШҚТУ-да Наурыз этноауыл мен дәстүрлі мерекелермен тойланды
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Наурыз – береке бастауы» атты кең ауқымды мәдени шара өтті. Көктем мен бірліктің нышанына айналған мерекеге студенттер, оқытушылар, қонақтар мен қала тұрғындары жиналды.
Университет аумағында этноауыл құрылып, киіз үйлер тігілді. Әр үй ұлттық құндылықтарды насихаттады: Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай әлемі», Жеңістің 80 жылдығы мен Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Батыр рухы — ел тірегі», сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік мекені» киіз үйлері көпшілік қызығушылығын тудырды.
Мереке аясында этно-дефиле, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, «Бауырсақ пати», «Шашбау бұрымпати», спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама өтті. Қонақтар ұлттық дәмнен ауыз тиіп, түрлі сайыстарға қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде болды.
Наурыз мерекесі ШҚТУ-да ұлттық бірлік пен салт-дәстүрді дәріптеп, жастарға патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.








