Сенат кеңесінің мүшелері жастармен кездесті (видео)
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері Өскемен жоғары политехникалық колледжіне барып, оқу ордасының инновациялық әлеуетімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменге жұмысшы мамандықтарының жылы аясында іссапармен келген экс-сенаторлар жастарды техникалық салаға тартудың маңызын атап өтті. Шығыстағы техникалық білім берудің флагманы саналатын бұл колледж бүгінде 1200-ге жуық студентті оқытып отыр. Оның ішінде 500-ден астам жас жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде. Дуалды оқыту жүйесі енгізілген оқу орны өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, болашақ мамандардың тәжірибемен шыңдалуына жағдай жасап келеді.
Кәсіптік білім беруді дамытуда «Worldskills Kazakhstan» жобасының алар орны ерекше. Колледж студенттері бұл бастамада да алдыңғы қатардан көрініп, халықаралық деңгейдегі байқауларға жолдама алып отыр. Сенаторлар кеңесінің мүшелеріне білім ордасындағы IT-орталық, дрондар зертханасы, электроника және жылу техникасы кабинеттері таныстырылды.
Кездесу бейресми форматтағы сұхбат алаңына ұласты. Студенттер мен оқытушылар, сондай-ақ, өзге колледж директорлары қатысқан ашық пікірталаста бұрынғы сенаторлар еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті. Әрқайсысы жұмысшы мамандықтан бастап, ел басқару деңгейіне дейінгі өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ретінде жеткізді.
Арайлым Орсаринова
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай