«Алтай Өскемен» жаңа маусымдағы алғашқы үй кездесуін тең нәтижемен аяқтады (видео)
Өскемендегі «Восток» стадионында Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары жалғасын тапты. Бұл жолы алаң иелері – «Алтай Өскемен» клубы Павлодар облысынан келген «Екібастұз» командасын қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа маусымдағы алғашқы үй ойынын өткізген өскемендік клуб жеңіске жетуге бар күшін салғанымен, матч голсыз тең аяқталды – 0:0.
Ал «Алтай Өскемен» командасының спорттық директоры Нартай Жанбилов бұл ойынның маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Бірінші лигада жалпы 14 команда бақ сынауда. Бүгін павлодарлық футболшыларды өз алаңымызда қарсы алдық. Команда үшін бұл маусымда үлкен жауапкершілік тұр.
Айта кетейік, «Алтай Өскемен» биылғы маусымда жас ойыншылармен жасақталған жаңа құраммен өнер көрсетіп жатыр. Команда тактикалық тұрғыда біртіндеп қалыптасып келеді.
Келесі футбол ойыны 23 сәуірде өтеді. Сол күні дәл осы «Восток» стадионында Екінші лига аясында «Altai Jastar» мен «Elimai Jastar» жасөспірімдер командалары кездеседі.