«Алтай Өскемен» Бірінші лиганың соңғы ойынын жеңіспен аяқтады
Өскемен қаласындағы «Восток» стадионында футболдан Қазақстан Бірінші лигасының соңғы ойыны өтті. «Алтай Өскемен» өз алаңында «Қайрат-Жастар» командасын қабылдады. «Алтай Өскемен» командасы жанкүйерлердің қолдауынсыз қалмады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Бүгін Қазақстан Республикасы Бірінші лига чемпионатының қорытынды ойыны. Біз соңғы турда тек жеңіске жетуді көздедік, аймағымызда футболды қайта жандандыруды қалаймыз. «Қайрат» – мықты қарсылас, олар көшбасшылар қатарында екені тегін емес. Біз дайындықты кеш бастадық, Екінші лигада ойнаймыз деп жоспарладық, бірақ Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауының арқасында Бірінші лигаға өттік», – деді «Алтай Өскемен» клубының спорт директоры Нартай Чамбилов.
Ол сондай-ақ жергілікті жаттықтырушылар тәжірибелі маман Вахид Масудовтан тәлім алып жатқанын атап өтті. Болашақта олардың команданы жаттықтыруға қажет дүние екенін жеткізді. Сонымен қатар бүгінде футбол клубының академиясында 470-ке жуық бала жаттығуда.
«Мен ұзақ уақыттан бері клубымызға жанкүйер болып келемін. Маусым табысты өтті, жанкүйер ретінде мен нәтижелерге риза болдым. Ойын әсерлі және қызықты болды. «Қайрат-Жастар» – оңай команда емес, бірақ мен жеңіске сендім, өйткені біздің жігіттер өз алаңында ойнады. Аймағымызда үлкен футболдың дамып жатқанына қуаныштымын», – деп бөлісті «Алтай Өскемен» командасының жанкүйері Ислам Мұхамедуәлиев.
Сонымен жанкүйерлердің қолдауының арқасында «Алтай Өскемен» өз алаңында 2:0 есебімен қарсылас командадан басым түсіп, жеңіске жетті.
Қуаныш Рахметоллаұлы