KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
509.51 570.6 6.3

Дарынды балалардың бағын ашқан жан

30.04.2025, 11:30 931 Айна Бакимбаева

«Бұлақ көрсең — көзін аш» демекші, дарынды ауыл балаларының талабын ұштап, білімнің шамшырағын жаққан, талапты оқушыларды лицейге тоғыстырып, әр шәкіртінің  жүрегінен ойып тұрып орын алған абзал азамат, өнегелі ұстаз — Жәдігер Есімханұлы жайлы қалам тербеп, сыр шертуді жөн көрдім.

 

Мен Марқакөл өңіріндегі Тақыр ауылдық мектебінің оқу озаты, зерек, білімге құштар, бір отбасының  ерке тұңғышы едім. Бала кезден кітапты серік етіп, қиял әлемінде еркін өстім. Сол қиялым мені үлкен арманға жетеледі —оқуымды  үлкен қалада жалғастыруды көкседім. Бір күні анамның сіңлісі үйге «Дидар» газетін ала келді. Онда Өскеменде дарынды балаларға арналған лицейде іріктеу өтетіні туралы хабарлама жарияланыпты. Ата-анамның батасын алып, апайымның жетелеуімен бағымды сынауға Өскемен шаһарына аттандым. 

1999 жылы облыстық политехникалық бағыттағы қазақ лицей-интернатының іріктеуінен сүрінбей өтіп, 9-сыныпқа қабылдандым. Алғашқы қоңырау сәтінде лицей директоры Жәдігер Есімханұлының  бізге арнап айтқан «Сендер — сүттің бетіндегі қаймағысыңдар. Армандарың асқақ, мақсаттарың биік болсын, балаларым!» деген жүрек жарды сөздері әлі есімде.  
Лицейіміз екі бағытта тереңдетілген білім берді: физика-математика және химия-биология. Мен химия-биология бағытын таңдадым. Осында Зауре Орынбекқызы, Бақытгүл Мұстафақызы, Индира Килымбековна, Гүлия Кажиевна, Валентина Иман-Маликовна, Абраимова Гүлназ сынды білікті ұстаздардан тағылым алдым.
Жәдігер Есімханұлының көрегендігінің арқасында бізге жоғарғы оқу орындарының үздік профессорлары, әсіресе ШҚМТУ оқытушылары арнайы дәріс оқитын. Нәтижесінде лицей түлектері түгелдей дерлік жоғарғы білім ордаларына түсті. Мен сол кезде университеттің Майкамал Биғалиқызы, Құралай Назымқызы, Жамал Шаиховна сынды  жоғарғы санатты мамандарынан тереңдетілген білім алдым. Бұл сол заманда ауыл балалары үшін үлкен көмек еді. 

Дарынды жастардың қолдаушысы

 Жәдігер Есімханұлы  әрдайым ел болашағы үшін еңбек еткен тұлға. 1999 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып, лицейіміздің базасында  «Шығыс Қазақстан облыстық 12-жылдық техника-экономикалық колледжін» құрды. Мақсаты — ауыл балаларына орта біліммен қатар кәсіби мамандық беру еді.
Мен осы колледждің алғашқы түлегімін. Білім сапасының жоғары болғаны соншалық, 11-сынып түлектерінің 21-і мемлекеттік грант иегері атанды. Қалған 63 оқушы колледжде оқуымызды жалғастырдық. Біз «Маркетинг», «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандықтарын игердік. 2002 жылы лицей -колледжін 22 студент ерекше дипломмен тамамдап, барлық студенттер  ШҚМТУ-мен келісім негізінде 3-курсқа қабылдану мүмкіндігін алды.
Жәдігер Есімханұлы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз еді. Ол қай жерде жүрсе де жаңа мектеп ашып, ескілерін жаңартып, білім беру ісін дамытуға бел шеше кірісетін. Ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болды, орыс тілі және әдебиеті пәнінің талантты мұғалімі еді. Үнемі ізденісте жүретін. Әр оқушының талабына сай қабілетін ашуға, біліммен қатар шығармашылық ойлау қасиеттерімізді дамытуға үлкен үлес қосты. Өзі ғана ізденіп қоймай, ұстаздар ұжымын да үздіксіз ізденіске, жаңашылдыққа баулыды. Оқыту методикасын үнемі жаңартып, оқушылардың ойлау қабілетін арттыруга бағыттап отырды. Ол кісі мектепте -  нағыз ұстаз, күнделікті тірлікте қайырымды әрі қамқор басшы,  ұрпақ тәрбиесін бір сәт те естен шығармайтын дана педагог бола білді. 

Бүгінде елімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеу кеңінен қолға алынған. 
Қазіргі  таңда елімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, насихаттау қарқынды жүріп жатыр. Ғаламтор желісінде қазақ мәдениеті және өркениеті үшін, қазақтың тілі мен әдебиеті, қазақтың ғылымы үшін күрескен тұлғалардың өмірі жайлы көптеген ақпараттар жарияланып жатыр. Мен де осы игі істің жалғасындай, ұстазым — Жәдігер Есімханұлының еңбегін көпшілікпен бөлісуді өзімнің борышым деп санадым.
Ұлы педагог К.Д. Ушинскийдің «Мұғалім көп, нағыз ұстаз санаулы» деген сөзі бар.  Дарынды балалар лицейіне алғашқы директорымыз Жәдігер Есімханұлының есімі берілсе, бұл қасиетті білім ордасының абыройы одан сайын асқақтай түсер еді.
Өз басым лицейде оқыған жылдары мол тағылым алдым, сол тәлімімді өмірлік жолымда серік етіп келемін деп батыл айта аламын.

Райгүл Темірханова, 
лицей-коллеждің тұңғыш үздік түлегі,
техника және технология магистрі
 «Казахмыс Барлау» ЖШС 
компаниясының жетекші геолог маманы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу