Самар ауданында әлеуметтік нысандар жаңғыртуды қажет етеді (видео)
Самар ауылында бірқатар әкімшілік және әлеуметтік нысандардың жай-күйі мен оларды жаңғырту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көтерілген мәселелердің қатарында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Самар» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, аудандық сот, полиция бөлімі, кітапхана және аграрлы-техникалық колледждің жатақханасы бар.
Атап айтқанда, «Самар» КМК төрт елді мекенде тұратын бес мыңнан астам адамды ауызсумен қамтып отыр. Жүйе тұрақты жұмыс істеп тұрғанымен, қазіргі заман талаптарына сай техникалық жаңғыртуды қажет етеді.
Әсіресе, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратына қатысты мәселелер өзекті. Мұнда қосымша техникаға арналған бос бокстар мен арнайы тұрақ жоқ, бұл қызметтің дамуына және жедел әрекет ету мүмкіндігіне кедергі келтіруде.
Самар аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мамандармен кездесіп, студенттердің тұрмыс жағдайы, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен агросалаға кадр даярлау мәселесін талқылады. Ол кәсіби білім беруді дамыту – ауылдық жерлердің экономикасы мен жастардың жұмыспен қамтылуына негіз болатынын атап өтті.
Аталған нысандардың басым бөлігі ескі үлгіде салынған, тозығы жеткен. Бұл – цифрлық технологияларды енгізуге, энергия үнемдеуге және келушілерге жайлы жағдай жасауға кедергі.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы нысандарды кезең-кезеңімен жаңарту бойынша нақты жоспар – «жол картасын» әзірлеп, қаржыландыру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай













