Самар ауданында су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді
Самар ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жиын өтті. Жиынға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиын барысында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен округ әкімдеріне ауылдық округтердегі су қоймалары мен су өткізу арналарын тексеру және қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.
Мамандардың айтуынша, биыл ауданда қар қалың түскен. Алайда, топырақтың қату деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген: биыл 14 сантиметр болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 75 сантиметр болған.
Сонымен қатар жиында Самар ауылының жоғары жағында орналасқан «Лайлы» су қоймасының жағдайы да талқыланды. Өткен жылы өзеннің ауыл ортасындағы арнасы кеңейтіліп, бұл тасқын судың ауылға жайылуын болдырмауға септігін тигізді.
Жиын соңында жауапты мекемелерге су тасқынының алдын алу бойынша қадағалау жұмыстарын күшейтіп, қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.