Ұлы Жеңіс рухы: 97 жастағы ардагерге құрмет көрсетілді
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Өскемен қаласында ерекше тағзымға толы шара өтті. Қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Умарбеков Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Яковлевич Головатюкке арнайы барып, ардагердің ерлігін құрметтеді.
Мерекелік шара ардагер тұратын үйдің ауласында ұйымдастырылып, оған партия өкілдері, мәслихат депутаттары және «Казцинк» ЖШС қызметкерлері қатысты. Арнайы оркестр соғыс жылдарындағы патриоттық әндерді орындап, Жеңіс рухын сездірді.
Михаил Яковлевич Головатюк – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін 40 жылдан астам уақыт бойы түсті металлургия саласында еңбек етіп, елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат. Қазір ол 97 жаста.
Бұл тағылымды шара – ардагерлерге көрсетілген құрмет қана емес, жас буынға елжандылық пен отансүйгіштік рухын сіңіретін маңызды үлгі. Ұлы Жеңістің рухы – ұрпақ санасында мәңгі жаңғыратын құндылық.





