KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 2 м/с, В
507.07 572.53 6.37

Елордадағы шеруге қатысқан ардагерлерді аймақ басшысы құрметпен қарсы алды (видео)

8.05.2025, 16:50 709 Гульжан Мусина

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге қатысып, елорданың салтанат сахнасында құрмет төрінен көрінген шығысқазақстандық ардагерлер туған өлкеге жеңіс жаңғырығын желеулеткен мерекелік іс-шара рухын арқалай оралды. Астанадан Өскеменге ұшып келген рейсте ардагерлер бар екені белгілі болған сәтте-ақ жолаушылар қол соғып, борттағы ардақты аға буынға деген құрметін білдірді. Ұшақ жерге қонған соң ардагерлерге әуежай баспалдағынан бастап қошемет көрсетілді: гүл шоқтары табыс етіліп, салтанатты саппен тұрған әскери оркестр ән әуелете қарсы алды.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлерін қарсы алып, оларға халық атынан шынайы алғысын білдірді.

— Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Сіздер — от пен оқтың арасынан өтіп, ел болашағы үшін өмірін арнаған аңыз адамсыздар. Біз бүгінгі бейбіт күнді сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арқасында көріп отырмыз. Жеңіс күні — сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ерліктеріңіздің ұмытылмас нышаны. Қашанда аман болыңыздар. Сіздерге деген құрмет — мәңгілік, — деді аймақ басшысы тебіреніспен.

Әуежай аумағында өткен бейресми жүздесуде соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Шай үстінде сый-сияпат табысталып, естелік суреттерге түсіп, ардагерлерге деген ел құрметі тағы бір мәрте паш етілді.

Мерейлі кездесудің шырайын кіргізген елордалық шеруге қатысқан төрт ардагер болды. Олар - жүз жастың жотасына жақындап қалған майдангер Құрмат Рахимов пен тыл еңбеккерлері Юрий Новолоцкий, Күлзағи Әлиханова және Елена Ступак.

Құрмат ақсақал Кенигсберг үшін шайқаста көзге түскен, Литва мен Беларусьті азат етуге атсалысқан жауынгер. Соғыстан кейін де ел қорғаны ретінде шекаралық қызметте еңбек етіп, кейін ішкі істер саласында абыроймен қызмет жасаған. Биыл бұл тұлға тоқсанның төрінен асып, жүздің жағасынан аттап, 101 жасқа толғалы отыр.

88 жастағы Юрий Новолоцкий еңбек жолын жасөспірім шағында-ақ бастаған. Колхозда мал бағып, темір ұстасына көмекші болған жас өрен кейінірек милиция қызметіне орналасып, өмірін әділдік пен қызметке арнаған. Ол — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Катонқарағайлық Күлзағи Әлиханова — ауыл тіршілігі мен білім саласында елеулі еңбек еткен, бес бала тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Ал 93 жастағы Елена Ступак Глубокое жерінде соғыс жылдарында да, бейбіт күнде де қажырлы еңбек етіп, ұстаздық пен өндірістегі қызметті қатар алып жүрген жандардың бірі.

Салтанатты шеруден оралған ардагерлердің әрқайсысы облыс әкімдігі ұйымдастыруымен жайлы көлікпен үйлеріне дейін жеткізілді. 
Осынау ілтипат — құр сөзбен емес, шын мәнінде ел есінде сақталатын тағзымның, терең тағылымның іс жүзіндегі көрінісі екені рас.

Жеңіс ұрпаққа мұра болса, ардагер — сол ұрпақ үшін ұлағатты ұстаз. Елі үшін ерлік көрсеткендердің есімі ел жадында мәңгілік сақталмақ.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу