Репродуктивті денсаулық апталығы: Жастар орталығы ашық есік күнін өткізді (видео)
12-16 мамыр аралығында республика көлемінде репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Осыған орай, Өскемен қаласындағы «Менің отбасылық амбулаториям» мекемесінің жанындағы Жастар орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жастар орталығының жетекшісі Әсет Заиновтың айтуынша, апталықтың басты мақсаты - жастар арасында отбасын құру мәдениетін қалыптастыру және репродуктивті денсаулықты нығайту. Осы мақсатта орталықта әртүрлі мамандардың қабылдауы ұйымдастырылып, күн сайын түрлі бағыттағы іс-шаралар өтуде.
Әсет Заинов жастардың кейде репродуктивті денсаулық мәселесімен мамандарға жүгінуге ұялатындығын да айтты. Осыны ескере отырып, орталықта жеке кіру есігі қарастырылған. Қабылдаулар толықтай құпия түрде өтеді, жас мөлшеріне немесе тіркеуге қарамастан, 15 пен 25 жас аралығындағы кез келген жас көмек ала алады.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы орталыққа үш мыңнан астам жас жүгінген. Жастармен тікелей байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіледі.
Ал орталықтың психологы Бақыт Заированың айтуынша, орталыққа жүгінетіндердің қатарында жасөспірімдер де бар. Оларға психологиялық, медициналық, гинекологиялық және урологиялық кеңестер беріледі.
Орталық «Төрт Д» қағидатымен жұмыс істейді: доверие (сенім), доброжелательность (ізеттілік), доступность (қолжетімділік), добровольность (еріктілік).
Қала тұрғыны Айдидар Ынтымақ орталыққа жиі келетінін айтты.
Апталық аясында өткен іс-шаралар жастардың репродуктивті және психологиялық денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мұндай ашық есік күндері жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Фото: Екатерина Семина









