KZ
Өскемен
+29°
ясно жел 3 м/с, С
512.44 593.15 6.52

Солнечное ауылындағы қарттар үйінде «Психологиялық бой жазу бөлмесі» ашылды (видео)

14.05.2025, 14:30 446 Жанаргүл Көкенайқызы

Глубокое ауданына қарасты Солнечное ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қарттарды қуантқан жағымды жаңалық болды. Мұнда «Психологиялық бой жазу бөлмесі» ашылып, қамкөңіл жандарға жан тыныштығын сыйлайтын ерекше әлеуметтік жоба іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көңіл-күйді көтеруге және сергітуге арналған түрлі құрал-жабдықтармен жабдықталған бөлменің ашылу салтанатына орталық тұрғындары түгелге жуық жиналып, өздеріне жанашырлық танытып жатқан қызметкерлерге алғыс білдірді.

Шараға Өскемендегі Абай атындағы гуманитарлық колледждің өнерпаз студенттері мен «Мархабат» мүгедектер бірлестігінің тәрбиеленушілері де қатысып, қарттарға ән мен жырдан шашу шашты.

Қазіргі уақытта Солнечное ауылындағы аталған орталықта 70 пен 101 жас аралығындағы 114 қызмет алушы тұрып жатыр. Оның 71-і – ер адамдар, 43-і – әйелдер. Мұнда мүгедектігі бар жандар да аз емес. Қызмет алушылардың 33-і қазақ, 74-і орыс және басқа ұлт өкілдері болса, олардың қатарында 10 тыл еңбеккері бар.

Жасы келген, туған-туысынан жырақтаған жандар психологиялық күйзеліске жиі ұшырайтыны белгілі. Осыған байланысты ашылған бөлменің олардың жүйке жүйесін қалпына келтіріп, көңіл күйін жақсартуға, шығармашылық қабілетін дамытуға, өмірге деген құлшынысын арттыруға бағытталған.

– Бұл бөлмеде тынығуға қолайлы қараңғы перделер, жарық эффектілері бар шамдар, массаж жасайтын орындық, «жұлдызды аспан» төбесі, «түйіршікті» орындық, жұлдызды жаңбыр сәулесі, аудиовизуалды бағдарламалармен жабдықталған проектор, динамиктер, тербелмелі орындық, аквариум, арт-терапия мен релаксацияға арналған материалдар бар. Осы жабдықтар арқылы қарттарға мейірім мен жылулық сыйлап, жайлы жағдай жасауға тырысамыз, – дейді орталықтың психологы Жадыра Қайлыбаева.

Мекеме директоры Жәнібек Шаянбаевтың айтуынша, бұл жоба Глубокое ауданы мен Бобровка ауылдық округі әкімдіктерінің, сондай-ақ Бобровка+ шаруа қожалығы секілді демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу