Соградағы түтінге байланысты тексеру жүріп жатыр: тұрғындарға қауіп жоқ

Бүгін Өскемен қаласындағы Согра шағын ауданында орналасқан өндірістік аймақта түтін пайда болды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты жағдай көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды. Осыған орай, ШҚО Экология департаментінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мамандардың мәліметінше, түтін «УК ТМК» АҚ-ның өндірістік аумағынан шыққан. Оқиға орнына шұғыл түрде құзырлы органдар мен тиісті қызметтер жұмылдырылып, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды.
Қазіргі таңда бұл жағдайды өңірдегі экологиялық бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде «Өскемен тынысы» экологиялық бюросы да бақылауға алды. Барлық жедел және салалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Мамандар тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған қауесет таратпауға шақырады. Жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ.