«Жұмысшы мамандықтары» жылы: Өскемендік оқушылар металлургия алыбының тынысымен танысты (видео)
Электромонтер, техник-механик, жерасты тау-кен жұмысшысы, метал мен қорытпаларды балқытушы, аппаратшы, техник-металлург, техник-энергетик, жонушы... Мектеп бітіргелі отырған бір топ өскемендік оқушы «Казцинк» ЖШС-не барып, металлургия өндірісіне аса қажет болып келе жатқан жұмысшы мамандықтар туралы жан-жақты мағлұмат алып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында мыс пен мырыш өндіретін, алтын мен күміс балқытып, қорғасын құятын ірі металлургия алыбы — «Казцинк» ЖШС-де мердігер кәсіпорындарды есептемегенде 20 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Өскемендегі №48 мектеп – қосымша білім беру орталығының оқушылары «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында «Казцинк» ЖШС еңбек ресурстары басқармасы жанындағы корпоративтік университетте ұйымдастырылған Ашық есік күніне қатысып, компанияға қажетті мамандықтардың маңыздылығы мен болашағы туралы мағлұмат алды. Сондай-ақ ол мамандықтарды қайда және қалай оқуға болатыны, жұмысшыларға жасалып жатқан жағдайлар, және олардың өңір экономикасына қосып жатқан үлесі жайында ақпараттармен танысты.
Еңбек ресурстары басқармасы корпоративтік университетінің бас маманы Ирина Елфинованың айтуынша, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мұндай кездесулер апта сайын өткізіліп тұрады. Қазір кәсіпорында 300-ге жуық мамандық бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Колледж студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, еңбекақы да алады. Компания бағдарламасына сәйкес университет пен колледж студенттері мемлекеттік шәкіртақымен қатар «Казцинктің» де шәкіртақысын иелене алады. Бұдан бөлек, жұмысшыларға ауқымды әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Мектеп оқушылары компания мамандарына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауаптар алды.
Фото-видео: Ермек Жиенбеков