KZ
Өскемен
+20°
гроза жел 3 м/с, ОШ
511.92 588.91 6.44

ШҚО-да мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды (видео)

21.05.2025, 20:30 171 Гульжан Мусина

Өскеменде мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай сала ардагерлеріне медальдар, алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстанда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген. Мақсаты – қоғамның мәдени-рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сала өкілдерінің еңбегін бағалау, патриотизм мен тарихи-мәдени құндылықтарды қалыптастырудағы рөлін айқындау.

Осы мерекеге орай бүгін Шығыс Қазақстанда мәдениет саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар арнайы марапатқа ие болды.

– Президентіміз айтқандай, өнер – ұлттың жаны, мәдениет – рухани болмысы. Сондықтан бұл екі бағытты үнемі жетілдіріп отыру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді салтанатты шарада ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс басшысы өнер мен мәдениеттің ел тарихындағы және қазіргі қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

– 90-жылдары қиын кезең болды, зауыттар жабылып жатты. Бірақ театр жұмысын тоқтатқан жоқ. Қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан қолдау мен қаржы бөлінді. Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ, – деді Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасының көркемдік жетекшісі Андрей Воронин. – Бүгінде біз мемлекет пен облыс басшылығының қолдауын сезініп отырмыз.

Оның айтуынша, театр труппасы биыл Беларусь Республикасындағы халықаралық фестивальге қатысып, көрермендердің жоғары бағасына ие болған. Сондай-ақ жуырда Өзбекстанға гастрольдік сапармен барып қайтқан.

– Барша мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын! Денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Мәдениет саласының жолы – оңай емес, тер төгуді талап етеді. Осындай марапаттау сәттері бізді алға жетелейді, – деді ШҚ өнер музейінің экскурсия және музей педагогикасы секторының маманы Светлана Гилева.

Марапат иелері:

«Ерен еңбегі үшін» медалі – ШҚ облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасының көркемдік жетекшісі Андрей Воронинге табысталды;
«Еңбек ардагері» медалімен – облыстық драма және оперетта театрының әртісі Алла Латфи марапатталды.
Сонымен қатар, марапаттар музей, кітапхана, мәдениет үйлері мен театр саласының басқа да қызметкерлеріне табысталды.

Айта кетейік, жуықта Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері және елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Олардың қатарында Андрей Васильевич Воронин – «Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры» КМҚК орыс труппасының көркемдік жетекшісі де бар. Өскемен қаласындағы өнер ордасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан шығармашылық жетекші ұлттық театр өнерінің дамуына зор үлес қосып, көрермен жүрегінен орын алған көптеген спектакльдердің авторы әрі қоюшы режиссері ретінде танымал.

Елизавета Седых

Фото: Екатерина Семина

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу