Мемлекеттік пәтер — жеке меншікке: Жекешелендіру құқығы кімдерге беріледі?

Фото: pixabay.com
Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңінде «тегін баспана беру жоқ» деген түсінік қоғамда жиі айтылуда. Алайда бұл қағида барлық азаматтарға бірдей қатысты емес. Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Амантай Бақыттың айтуынша, белгілі санаттағы азаматтар бұрынғыдай мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспананы ақысыз жекешелендіру құқығынан айырылмайды.
Мемлекеттік тұрғын үйді тегін жекешелендіріп, өз меншігіне аудару құқығы заңмен нақты белгіленген. Бұл тізімге:
- Экологиялық мәртебесі бар азаматтар (мысалы, Семей ядролық сынақ аймағында тұрғандар), құқық қорғау органдарының 20 жылдан астам қызмет еткен қызметкерлері;
• І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
• Арал маңы экологиялық апат аймағында немесе Чернобыль апатының әсері тиген аумақта тұрғандар кіреді.
Осы санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіру үшін ешқандай ақы төлемейді, тек заң талап еткен құжаттарды толығымен өткізуі қажет. Бұл – мемлекет тарапынан олардың өмірлік жағдайына көрсетілетін нақты қолдаудың бірі. Бұл мемлекеттік саясаттағы әлеуметтік теңдікті сақтаудың бір тетігі.
Азаматтардың баспанамен қамтамасыз етілуі құрылыс бағытындағы және әлеуметтік саладағы әділеттіліктің де көрінісі. Мемлекеттік саясаттағы бұл ерекшелік – әр санаттағы азаматтың шынайы қажеттілігін ескеріп, заңдық негізде нақты шешім қабылдаудың үлгісі.
Осындай деректердің ашық айтылуы – халықпен сенімді байланыс орнатудың, құқықтық ақпараттандырудың және мемлекеттік жүйенің әділеттілігін айқындаудың айқын көрінісі болып отырғаны рас.
Әл-Сана Азамат