Қаржы пирамидасы: халықтың ақшасын қалтасына басқандардың ісі тергеліп жатыр (видео)
Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті облыс аумағында тұрғындарды алдап, ақшаларын иемденіп кеткен 6 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан. Екі іс бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер сотталған. Қалған төрт іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Республика аумағында жұмыс істеген екі құрылымдық бөлімшенің аймақтық басшыларына қатысты да сот үкімдері шығарылған. Олар азаматтардың қаражатын шетелде тіркелген фармацевтикалық компания мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұйымға инвестиция түрінде тартқан. Күдіктілердің әрекеті салдарынан қаржы пирамидаларына 250-ден астам азамат 400 миллион теңгеден астам қаражат салған. Сот үкімі бойынша кінәлілер жазаға тартылып, жазаларын өтеп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде өткен «Заң мен тәртіп: қаржылық қауіпсіздікті арттыру» тақырыбындағы брифинг барысында департамент мамандары экономикалық құқықбұзушылықтың алдын алу, сонымен қатар қаржы пирамидалары мен дропперлікке қарсы күреске ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, биыл Қаржылық мониторинг агенттігі 6,2 мың «дроп-картаның» қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында қолданылғанын анықтады. Аталған карталар арқылы айналымға түскен жалпы қаржы сомасы — 24 миллиард теңге.
Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында Агенттік уәкілетті органдармен бірлесіп, банктік карталарды үшінші тұлғаларға беруге байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды. Сондай-ақ бір клиентке рәсімделетін банк карталарының саны шектеліп, 10 және одан да көп картасы бар азаматтарға қатысты тексерулер күшейтіліп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.
Брифинг барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша менторы Ермек Жұмағұлов қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға көрсетілетін көмек жайында түсіндіріп өтті.
Фото: Жібек Нұрахмет