KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
517.66 606.49 6.44

«Қыстың қамын жаз ойла»: ШҚО әкімі Үкімет басшысына жылыту маусымына дайындық барысын баяндады

27.05.2025, 18:40 345 Гульжан Мусина

Үкіметтің кезекті отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында өңірлердің қысқа дайындығы қатаң бақылауға алынатыны айтылды. Осы жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына қатысты өңірлік жоспарлар мен нақты шаралар туралы баяндады, деп  хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, өткен жылдың нәтижесінде облыстағы жылу желілерінің тозу деңгейі 5 пайыздық тармаққа төмендеп, қазіргі уақытта 55,6%-ды құраған. Жылу электр станцияларының техникалық тозуы да 3,8%-ға азайып, 62,2%-ға жеткен. Бұл – жүйелі жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қабылданған шаралардың нақты нәтижесі.

– Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында облыстық және аудандық деңгейде арнайы штабтар құрылып, жөндеу жұмыстарының егжей-тегжейлі жоспары бекітілді. Бұл жоспар 15 қыркүйекке дейін толық орындалуы тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Биыл облыс бойынша 10 электр станциясы, 33 орталық қазандық, 57,5 шақырым жылу желісі мен 537,1 шақырым электр тарату желісі, 39 қосалқы станция, 55 трансформаторлық нысан және басқа да өмір тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымдары жөндеуден өтеді.

Жөндеу жұмыстарына 22,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы тұрғындардың қысқы маусымда жылусыз қалмауын, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелердің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Аймақ халқы мен жылу көздерін көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл жұмыс «Қаражыра» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлескен бекітілген кесте бойынша іске асырылып жатыр.

Премьер-Министр әкімдерге барлық тендерлік рәсімдерді екі апта ішінде аяқтап, жұмысқа дереу кірісуді тапсырды. Жаңа жылу көздерінің іске қосу-реттеу жұмыстары 1 тамыздан кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарлары нақтылануы қажет.

ШҚО бойынша инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының толық дайындығы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Ал көмір қоры мен қажетті отын көлемі 1 қыркүйекке дейін жинақталуы керек.

«Қыстың қамын жаз ойла» қағидасы Шығыс Қазақстанда бұл нақты іске, жүйелі жоспарға және кезең-кезеңімен орындалатын жұмыстарға ұласып отыр.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу