KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Көктемгі егіс: Өңір диқандары озық техниканы кеңінен қолдана бастады

28.05.2025, 13:20 226 Жанаргүл Көкенайқызы

Көктем ерте жылынып, өңір диқандары дала жұмыстарына биыл жылдағыдан ертерек кірісті. Аудандарда егіс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 436,1 мың гектар жерге (жоспарланған көлемнің 70 пайызы) дән себілді. Былтыр осы кезеңде егіс алқаптарының тек жартысына ғана тұқым себілген болатын. Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – Шығыс Қазақстан облысы аграрийлерінің автоматтандырылған жаңа егіс кешендерін кеңінен қолдана бастауы, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

– Бұл заманауи техникалар GPS навигациясы мен қашықтан басқару жүйелерімен жабдықталған. Жаңа машиналар тұқым себу тереңдігі мен еніне дәлдікпен қарап, бүкіл жұмыс барысында сол дәлдікті сақтайды. Нәтижесінде тұқым мен жанармай шығынын 10–15 пайызға дейін азайтуға, дақылдарды біркелкі егіп, егіс жұмыстарын сапалы орындауға мүмкіндік береді. Қазір фермерлер бір күнде 100–150 гектарға дейін алқапты өңдеуде, – деді көктемгі егіс барысы жайлы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Каджибекова.

Биылғы егіс науқанына облыс бойынша 15,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бекітілген кестеге сәйкес, наурыз–маусым айларында облысқа осы көлемді жеткізу үшін келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда 7,8 мың тоннасының (50 пайызы) ақысы төленіп, 7,2 мың тоннасы (46 пайызы) жөнелтілді.

Облыстың тұқымға деген жалпы қажеттілігі – 73,2 мың тонна. Басқарма басшысының айтуынша, фермерлер тұқымның сапасы мен кондициясын тегін тексертуде. Бүгінге дейін 69,8 мың тонна тұқым (қажеттіліктің 95 пайызы) сараптамадан өткізіліп, оның 65,7 мың тоннасы тексерілді. Сараптама нәтижесінде 99 пайызы сапалы деп танылған.

Өңір диқандары егістік алқаптарын әртараптандыруға да ерекше мән беріп отыр. Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 1,5 мың гектарға қысқартылған. Әсіресе өткізу қиындықтары мен бағаның төмендеуі салдарынан тиімділігі төмендеген бидай дақылы 171 мың гектарға егілді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға аз.

Керісінше, майлы дақылдар алқабы 2024 жылғы деңгейден 1,6 мың гектарға артып, күнбағыс егістігі 207 мың гектарға дейін ұлғайтылып отыр.

Қаңтардан бері күрт қымбаттаған картоп алқаптары да 800 гектарға ұлғайтылуда. «Екінші нан» аталған өнім биыл 8,6 мың гектарға егілмек (2024 жылы – 7,8 мың гектар).

Мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуді күшейту мақсатында жемшөп дақылдары 10,5 мың гектарға ұлғайтылады. Сонымен қатар шабындықтар көлемі 129 мың гектарға дейін жеткізілмек (2024 ж. – 118,8 мың гектар).

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу