Орман — ұлт байлығы: ел аумағында 76 миллион көшет отырғызылмақ
Елімізде орман алқаптарын ұлғайту мен экожүйені қалпына келтіру бағытындағы ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойылған міндеттер аясында Қазақстанда 76 миллион қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты ағаш көшетін отырғызу көзделген. Бұл игілікті жұмыс 15 мың гектар жерге жүргізілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Төрт жылға белгіленген бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2021–2024 жылдар аралығындағы міндеттер толық орындалған: жалпы көлемі 4,8 мың гектар аумаққа 24,4 миллион ағаш көшеті егілген. Бұл — тек статистика емес, болашақ ұрпаққа жасалған елеулі экологиялық салым.
Биыл да орман қорын толықтыру ісі қарқынды жүргізілуде. 2025 жылға белгіленген жоспарға сәйкес, 3309 гектар алқапқа 15,7 миллион көшет отырғызылмақ. Қазіргі таңда көктемгі науқан өз нәтижесін бере бастады - белсенділер мен жауаптылар 783,1 гектар аумаққа 3 миллион 862 мыңнан астам көшет отырғызып үлгерген.
Бұл жұмыстардың басты мақсаты – еліміздің орман қорын арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, топырақ эрозиясымен күресу және жаһандық климат өзгерісінің алдын алу. Сонымен қатар, жасыл желек тек табиғаттың емес, қоғамның да тынысын ашатын тірекке айналуда.
Мамандардың айтуынша, отырғызылған көшеттердің басым бөлігі — климатқа төзімді, жергілікті экожүйеге бейімделген ағаш түрлері. Бұл — олардың жерсініп, болашақта толыққанды орманға айналу мүмкіндігін арттырады.
Табиғатты түлету — уақыт пен төзімді қажет ететін іс. Бірақ егілген әрбір көшет — елдің ертеңі үшін жасалған жауапты қадам. Ендеше, осы үрдіс жалғасын тауып, «Жасыл Қазақстан» идеясы нақты іске айнала бермек.



