KZ
Өскемен
-33°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
510.43 594.86 6.49

Инвестициялық табыс — зейнетақы жинақтарының негізгі көзіне айналуда

Фото: enpf.kz

30.05.2025, 09:30 181 Айна Бакимбаева

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақталған таза инвестициялық табыс көлемі 11,59 трлн теңгеге жетті. Бұл сома жалпы зейнетақы жинақтарының 39,8 пайызын құрайды. Яғни әрбір мың теңгелік жинақтың шамамен 400 теңгесі инвестициядан түскен табыс есебінен құралған, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Соңғы он жылда зейнетақы активтерін басқару жүйесінің тиімділігі айтарлықтай артты. 2014 жылдан бастап зейнетақы активтері Бірыңғай қорда шоғырланғалы бері инвестициялық кіріс тұрақты өсіп келеді. Бұл зейнетақы жинақтарын тек міндетті жарна арқылы емес, ұзақмерзімді қаржылық құралдардың көмегімен де көбейтуге болатынын көрсетіп отыр.

2025 жылғы 1 мамырдағы негізгі көрсеткіштер:

  • Салымшылардың шотына бөлінген табыстылық – 13,35%, бұл осы кезеңдегі инфляциядан (10,70%) жоғары;
  • Жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша табыстылық – 9,03%.

Бұл көрсеткіштер зейнетақы жүйесінің инфляциялық қысымдарға қарамастан нақты табыс әкеліп отырғанын дәлелдейді.

Ал 1998 жылдан бері жинақталған жалпы кірістілік – 968,6%, осы кезеңдегі инфляция – 875,1% деңгейінде болды. Демек, жинақтаушы жүйе іске қосылған сәттен бастап нақты табыстылық оң болып, зейнетақы жинақтарының сатып алу қабілетін сақтап қана қоймай, арттыра алғанын көрсетіп отыр.

Зейнетақы жүйесінің тағы бір маңызды ерекшелігі – инфляцияны ескере отырып, жинақтардың сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік. Яғни, нарықтық жағдайларға байланысты инвестициялық кіріс төмен болған күннің өзінде мемлекет салымшыға инфляция деңгейінен кем түспейтін сома мөлшеріндегі айырманы өтейді.

Бұл жөнінде БЖЗҚ-ның облыстық филиалы бөлім басшысы Мадина Зарлыққызы былай деді:

- Салымшылар жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін есте ұстауы керек. Әрбір азамат enpf.kz сайты немесе мобильді қосымша арқылы жеке шотын, инвестициялық табысын, жасалған аударымдарды бақылап отыра алады. Қордың барлық инвестициялық операциялары туралы толық ақпарат www.enpf.kz сайтында ашық түрде жарияланады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу