KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Қауіпсіз мектеп жолы: Өскемендік оқушы қауіпті аймақтарды картаға түсірді

30.05.2025, 16:20 193 Айна Бакимбаева

Өскемен қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Safe Way To School» жобасы таныстырылды. Жобаның авторы — 10-сынып оқушысы Әлия Жеңісбекова, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Қаламыздың инфрақұрылымы ата-аналардың балаларын мектепке алаңсыз жіберуіне, ал оқушылардың сабаққа қорықпай баруына мүмкіндік беруі керек деп санаймын. Жаяу жүргінші жолдары, жарықтандыру, тротуарлар жеткілікті болғанын қалаймын, – дейді Әлия.

Оқушы алдымен таныстары арасында сауалнама жүргізіп, олардың шағымдарын жинаған. Кейін респонденттер көрсеткен қауіпті аумақтарды өзі аралап, зерттеген. Бұл учаскелерді картаға түсіріп, ең өзекті деген орындарды тізімге енгізген.

– Біз бүгін шын мәнінде маңызды жобаны талқыладық. Бұл – жай бастама емес, әр баланың мектепке қауіпсіз жетуіне жағдай жасауға бағытталған нақты қадам. Қазір мыңдаған оқушы күн сайын қараусыз жерлер, құрылыс алаңдары және жарықсыз көшелер арқылы өтеді. Мұндай бағыттар әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Біз алдымен айналамызға мұқият қарап, қауіпсіздікке не кедергі екенін анықтауымыз керек. Бұл жоба ата-аналар, мектептер, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының күшін біріктіруге мүмкіндік береді, – деді облыстық прокуратураның аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі – прокуратура жұмысының басты бағыттарының бірі және мекеме осындай әлеуметтік жобаларды әрдайым қолдауға дайын.

Айта кетейік, Әлия Жеңісбекова бұл жобаны inDrive компаниясының BeginIT бастамасы аясында әзірлеген. Аталған бастама мектеп оқушыларының әлеуметтік көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және өңірлік мәселелерді шешуге арналған жобаларды жүзеге асыруына жол ашады.

Жобаға мектептің өзге де оқушылары атсалысты.

– Біздің оныншы сынып оқушылары Алматы қаласында теориялық және практикалық білім алды. Кейіннен өз жобаларын бастады, – деді мектеп директоры Гүлмира Әбюрова.

Елизавета Седых

Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу