KZ
Өскемен
-14°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
524.66 550.21 5.09

Самар ауданындағы білім беру жүйесі: болашаққа жасалған қадамдар

Фото: pexels.com

14.12.2024, 13:00 159 Гульжан Мусина

Қазақстандағы білім беру жүйесінде соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер мен жаңартулар орын алуда. Бұл өзгерістер тек қана оқушылардың білім алу процесімен шектелмей, олардың жеке тұлғалық дамуына да толық жағдай жасауға бағытталған.

Самар ауданы да осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, білім беру мекемелерін заманауи үлгіде жабдықтау, жаңа кабинеттермен қамту, мектептер мен балабақшаларды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Ауданның білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйі мен болашақ жоспарлары жөнінде толық ақпарат ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.    

Ағымдағы 2024 оқу жылын Самар ауданында 19 білім беру мекемесінде 1681 оқушы білім алып бастады. Оның ішінде 10 мектепте оқушылар екі тілде білім алса, 5 мектепте – қазақ тілінде, 4 мектепте – орыс тілінде оқытылады. Бұл сандық көрсеткіштер ауданның көптілді білім беру саясатын жүзеге асырудағы табыстарының бір көрінісі болып табылады. Оқушылардың білім алу тілінің көптігі әртүрлі мәдениет пен тілдерді меңгеруге мүмкіндік беріп, ұлттық келісімді нығайтуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, Самар ауданының білім бөліміне қарасты қосымша білім беру мен мектепке дейінгі білім беруді жүзеге асыратын мекемелер де бар. Аудандағы «Балалар өнер мектебі» мен «Дәншік» балабақшасы өз жұмысын табысты жүргізуде. Бұл мекемелердің білім беру сапасын жақсартуға, балалардың жеке тұлғалық дамуына қосар үлесі үлкен.

Бүгінгі күні білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі – оқушыларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, заманауи үлгідегі мектеп жиһаздарымен жабдықтау, сондай-ақ мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту. Аудан мектептерінде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.

2024 жылы Самар ауданының 9 мектебіне (Абай орта мектебі, Самар №1 орта мектебі, Мариногорка орта мектебі, Аққала мектеп-балабақша кешені, Амангелді орта мектебі, Седнев атындағы негізгі мектеп, Сарыбел орта мектебі, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектеп, Яроцкий атындағы негізгі мектеп) модернизация жұмыстарына 146 557,8 мың теңге бөлініп, мектептерді соңғы үдерістерге сай жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мектептердің әрбір бөлмесі жаңа жиһаздармен жабдықталып, қазіргі заман талабына сай жасалған жөндеулер арқылы оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдайлар жасалды.

Аудан мектептерін заманауи оқу кабинеттерімен қамту жыл сайын жүзеге асырылып келеді. 2022 жылы 4 пәндік кабинет, 2023 жылы 2 кабинет, ал 2024 жылы химия және физика кабинеттері алуға 22 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілді. Бұл кабинеттер мектептердегі білім сапасын арттыруға бағытталған қадам болып табылады. Оқушыларға жаңа заманауи жабдықтармен білім алу мүмкіндігі берілуі олардың ғылыми тұрғыда терең білім алуларына ықпал етеді.

Самар ауданында білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту үшін ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы ауданның төрт білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылды. Олардың ішінде:

№1 Самар орта мектебі ғимараттың шатырына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жұмыстың сметалық құны – 68 204 818 теңге. Бұл жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.  Мариногорка орта мектебі ғимаратының қазандық және көмір сақтау қоймасына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жұмысқа 53 634 560 теңге бөлініп, блоктық-модульдік қазандықтың құрылысы мен орнату жұмыстары толық аяқталды. Міржақып Дулатұлы атындағы негізгі мектеп қасбеті мен терезелерінің жөндеулері жүргізілді. Бұл жұмыстар 8 707 700 теңге сомасына орындалды. «Дәншік» бөбекжай-балабақшасы ғимаратының қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың жалпы сметалық құны – 24 082 697 теңге. Сонымен қатар, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектепте спорт залы жөнделіп, қазіргі заманғы спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл жаңартулар мектеп оқушылары мен мұғалімдер үшін спорттық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.

Самар ауданында білім беру мекемелерін заманауи үлгіде жабдықтау, жаңа кабинеттермен қамтамасыз ету және мектептер мен балабақшаларды жөндеу жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім беруге жағдай жасау, олардың тұлғалық дамуын қамтамасыз ету және мектептерде оқу мен тәрбиелеу процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру. Алдағы уақытта да ауданның білім беру саласындағы жаңартулар мен өзгерістер жалғасып, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіле беретін болады.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу