KZ
Өскемен
+17°
небольшая облачность жел 2 м/с, В
518.81 596.27 6.63

Риддердегі алғашқы қазақ газетінің редакторы қалай атылды? (Видео)

31.05.2025, 13:30 166 Гульжан Мусина

 

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн — ХХ ғасырдың ең қасіретті кезеңдерінде жазықсыз жапа шеккен мыңдаған азаматтардың рухына тағзым ететін уақыт. Сол зұлмат жылдары елге еңбек сіңірген талай тұлға жалған айыппен атылып, түрмеге жабылды. Солардың қатарында – Шығыс өңірінде алғаш қазақ газетінің негізін қалаған, ұлтжанды журналист Мақсұт Тайшыбаев та бар.

1904 жылы Ақмола облысының Қорғалжың ауылында дүниеге келген Мақсұт ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленді. Еңбекқорлығымен көзге түсіп, білім алып, 1931 жылы Өлкелік партия комитеті оны Риддерде ашылғалы жатқан «Жұмысшы» газетінің бүгінгі мұрагері – Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің алғашқы бас редакторы болды. Өскемен өңіріндегі  тұңғыш қазақ газетін ұйымдастырып, аяғына нық қойған ұлтжанды журналист. 

Мақсұт Тайшыбаев – өз ісіне адал, ұлт руханиятына жанашыр азамат еді. Ол — қазақтың аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабайұлының туған бажасы: Мағжанның жары – Зейнеп пен Мақсұттың жары – Нағима атақты бай Шоқан Тастеміровтің қыздары болған.

Алайда сталиндік репрессия бәрін жоққа шығарды. 1938 жылы 11 наурызда Тайшыбаевқа небәрі 15 минут ішінде «Халық жауы» деген жалған үкім шығарылып, ату жазасы орындалды.

Ол тек 1958 жылы ғана ресми түрде ақталды. 2004 жылы Риддер қаласындағы бір көшеге оның есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Ұрпақтары бүгінде Алматыда өмір сүруде.

Мақсұт Тайшыбаевтың тағдыры – қазақ баспасөзінің тарихындағы ұмытылмас парақ. Ол – кеңестік қудалаудың құрбаны ғана емес, ел рухын көтеруге бар өмірін арнаған шыншыл қаламгер ретінде халық жадында сақталуы тиіс.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу