KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

Өскеменде даму және ерте араласу орталығы ашылды (видео)

3.06.2025, 13:10 192 Айна Бакимбаева

Өскемен қаласындағы №1 қалалық емханада өңірдегі алғашқы даму және ерте араласу орталығы ашылды. Бұл орталықтың мақсаты – балалардың дамуын бақылау, олардың бойындағы ауытқушылықтарды ерте анықтап, қажетті медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Ашылу рәсімінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламаларын қолдау аясында жүзеге асқанын атап өтті.

– Бастаманы қолдап, орталықтың ашылуына ұйытқы болған облыстың бас педиатры Гүл Мәдиқызына, осы емхананың бас дәрігері Айман Болатқызына алғыс білдіре отырып, қызметтеріне сәттілік тілеймін. Ең бастысы – балаларға толық медициналық көмек көрсетілетін болады. Жобадан күтер үміт зор, әрі мұндай орталықтардың ашылуы — баланың болашағына салынған инвестиция, – деді Мадина Мырзабекқызы.

Емхана басшысы Айман Мырамытованың айтуынша, орталықта баланың дамуын бақылау кабинеті, скринингтік тексеру, аудиологиялық скрининг, тамақтану бойынша ресурс орталығы, патронаж қызметі сынды бірнеше бөлім жұмыс істейді. Сондай-ақ мультидисциплинарлық топ құрылып, педиатрлармен қатар басқа да бейінді мамандар қызмет көрсетеді. №1 емхана 30 мыңнан астам баланы қамтиды және қаладағы ең ірі балалар мекемесі болып саналады. Емханада балалардың барлық тар мамандары қамтылған: ЛОР дәрігері, эндокринолог, облыстағы жалғыз балалар нефрологы, невропатолог және басқа да бейінді мамандар бар.

Ерте даму кабинетінде бүлдіршіндер аудиологиялық скринингтен өтеді. Медбикелер Фарида Еламанова мен Алимаш Қайсарова Алматыда білімдерін жетілдіріп келіпті. Кабинет балалардың қол моторикасын дамытатын ойыншықтармен, арнайы аппараттармен толық жабдықталған.

– Тексерулер кесте бойынша бүлдіршіндерге үш ай, бір жас, екі жас, үш жас, алты жасында жүргізіледі. Бізге оларды учаскелік дәрігерлер жолдайды. Скрининг кезінде бүлдіршіннің есту қабілетін тексереміз, дамуында қандай да бір ауытқушылық болса, біз оны бірден педиатрға жібереміз. Екінші кезеңде де ауытқушылық анықталса, сурдолог маман қарайды, – деп түсіндірді медбике Фарида Еламанова.

Облыстың бас педиатры Гүл Құсайынова орталықтың ашылуын дәрігерлер қауымының көптен күткен арманы екенін айтып, бұл бастама балалардың өз әлеуетін толық ашып, дені сау азамат болып өсуіне ықпал ететінін жеткізді.

Жаңа орталық ана мен баланың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова осындай даму және ерте араласу орталықтарын аудандарда да ашу ойда бар екенін айтты.

Фото: Екатерина Семина

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу