Мәлік Отарбаев: «Адами капитал – ұлттық бірегейлікті нығайтудың берік іргетасы»
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, спорт және білім беру салаларының өкілдерімен кездесуі Өскемен қаласында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында өңірдің білім беру мекемелерінің өкілдері Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтті. Қатысушылар Президент бастамаларының өңірлік деңгейде де кең қолдау тауып отырғанын және бұл мәселелердің олардың кәсіби қызметімен өзара үндесіп жатқанын жеткізді.
Шығыс Қазақстан педагогтері инклюзивті тәсілді кеңейту қажеттігін және бұл бағыттағы жұмысты тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен бірлесе жүргізудің маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар, «Қазақстан балалары» бағдарламасы кең қолдау тауып, бұл бастама жүйелі жұмыстың өзегіне айналуы тиіс деген пікір білдірілді.
«Прогрессивті ұрпақты тәрбиелеу үшін білім мен тәрбие бір арнада тоғысуы қажет» деп атап өтті кездесуге қатысушылар.
Ашық диалог барысында мәдениет саласының өкілдері креативті индустрияны дамыту қажеттілігіне назар аударды. Бұл бағыттың маңыздылығы тек өңірлік деңгейде ғана емес, жалпыұлттық ауқымда артып келе жатқанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ШҚО Креативті индустрия орталығының қызметі туралы және оны кеңейту бағытындағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде мәдениеттің мәні тек ғимараттар мен мекемелерде емес, ол – ұлттық бірегейлікті нығайтудың берік іргетасы екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Президент Кеңесшісі өз сөзінде қазіргі кезеңдегі жаһандық сын-қатерлерге ерекше назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша қоғамның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу өтті, сондай-ақ мәдениет, спорт және білім беру салаларының өкілдері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай