Өскеменде ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш филиалы ашылды
Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өскемен қаласындағы тұңғыш филиалы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт орталығы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Шараға Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының әкім орынбасарлары, Павлодар облысы әкімдігінің басқарма басшысы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академиктері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, «Ғылым қоры» АҚ, «КАЗЦИНК» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты», «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «ҚР ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «PlasmaScience» ЖШС, ЖОО және ғылыми мекемелердің, өңірлік бизнес субъектілері мен индустрияның бірінші басшылары, өңірдің жетекші ғалымдары қатысты. Қатысушылар өңірдегі ғылымның даму перспективаларын, өнеркәсіп пен әлеуметтік салалармен интеграциясын талқылады.
Отырыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылым – аймақтың тұрақты инновациялық дамуының негізі екендігін атап өтті және Қазақстандағы ғылымды дамытуға мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қолдауымен үлкен көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.
Ол өз сөзінде ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны қоғам мен экономиканың озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құру керектігін айтты. Бұл тұрғыдан алғанда, өңірлік ғылымды дамыту - инновацияларды ілгерілетудің, экономиканың нақты секторы мен ғылымның байланысын нығайтудың негізгі факторы екендігіне тоқталды.
Сонымен қатар, өңірлік ғылым ең алдымен облыстың экономикасын дамыту мәселелерін шешуге, жоғары технологиялық шешімдерді дәл осы аймақтарға енгізуге бағытталуы тиіс екендігіне мән берілді.
Отырыста ғалымдар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, бизнес және қоғам өкілдері арасындағы диалог орнап, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісіп, Қазақстандағы аймақтық ғылымды дамыту үшін бірлескен шешімдер әзірледі.
Көшпелі отырыс аясында өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылып, отырыс нәтижесі бойынша өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өскемен қаласындағы филиалы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт орталығы салтанатты түрде ашылды.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өскемен қаласындағы филиалы Қазақстанда тұңғыш рет біздің облыста ашылып отыр. Алдағы уақытта өзге өңірлерде де ашылмақ.
Фото: Аяужан Утеулинова