Шығыс медицинасының жетістіктері

Фото: ШҚО денсаулық сақтау басқармасы
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында жүрек ырғағының ең қауіпті бұзылыстарының бірі — жүрекшелердің фибрилляциясын (ЖФ) емдеудің жаңа әдісі енгізілді. Астана қаласындағы Президенттік клиниканың аритмолог-дәрігері Ринат Камиев криоабляция бойынша шеберлік сабағын өткізіп, жергілікті кардиохирургтермен алты ота жасады. Мұндай операция өңірде тұңғыш рет жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ота Астана қаласындағы Президенттік клиниканың аритмолог-дәрігері Ринат Камиевтің жетекшілігімен, жергілікті мамандар — Роман Давыдов пен Дамир Жүнісжановтың қатысуымен жүргізілді. Барлығы алты науқасқа ЖФ диагнозы бойынша ота сәтті жасалды.
Криоабляция — аз инвазивті процедура. Жергілікті анестезиямен жасалады, бір сағат шамасында созылады. Мамандардың айтуынша, бұл әдістің артықшылығы - науқастар тез қалпына келеді және бір-екі аптадан кейін қалыпты өмірге орала алады.
Айта кету керек, бір отаның құны 4,5 миллион теңгеден асады. Дегенмен, барлық алты процедура да пациенттер үшін тегін, МӘМС жүйесі аясында жүргізілді.