Онколог кеңесіне жолдама да, кезек те қажет емес: ашық есік күні 21 маусымда өтеді (видео)
Жыл сайын маусым айында бас пен мойын ісігіне қарсы дүниежүзілік күрес апталығы өтеді. Осыған орай облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында өңірдің онкологтары бас пен мойын ісігінің және қуық асты безі қатерлі ісігінің алдын алу туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова атап өткендей, бас пен мойын қатерлі ісіктері онкологиялық аурулардың ішінде әлем бойынша таралуы жағынан алтыншы орында тұр. Жыл сайын бұл дертке бір миллионнан астам адам шалдығып, 700 мыңнан астам адам көз жұмады. Қазақстанда жылына орта есеппен 1 700-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Аурудың жиі анықталатын жасы – 55 пен 67 жас аралығы.
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылдың алғашқы бес айында 73 жаңа жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23%-ға көп. Оның ішінде, өкінішке қарай, 17 пациентте дерт үшінші және төртінші сатысында анықталған.
Бас пен мойын обырына ауыз қуысы, мұрын және оның қуыстары, жұтқыншақ, көмей, қалқанша безі, сілекей бездері мен теріасты тіндері жатады. Бұл топқа ми мен жұлын кірмейді. Аталған аймақтар – визуалды түрде тексеруге қолжетімді, яғни оларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі жоғары.
Аурудың алғашқы белгілері: дауыс қарлығып кетуі, ауыз қуысындағы жазылмайтын жаралар, мойын аймағындағы түйіндер мен теріде пайда болған жаралар. Мұндай жағдайларда уақыт жоғалтпай, дәрігерге қаралу қажет.
Облыстағы әрбір емханада қарау кабинеті жұмыс істейді. Тұрғындар жылына бір рет емханаға келгенде осындай кабинеттен өтуі қажет. Қарау кезінде ауыз қуысы, мойын, бет және көрінетін басқа да аймақтар тексеріледі.
Қатерлі ісіктің кең тараған тағы бір түрі – қуықасты безі обыры
Қуықасты безі ісігі ер адамдар арасында жиі кездеседі. Соңғы кезде бұл дерттің жасы да жасарып барады. ШҚО бойынша биыл бес айда 55 жағдай тіркелген, былтыр осы кезеңде 53 жағдай анықталған. 17 пациентте ауру бірінші сатысында, 26 жағдайда – үшінші сатысында, ал біреуі – соңғы сатысында белгілі болған.
Қуықасты безі обырына тән белгі – несеп шығару қиындықтары. Сондықтан 50 жастан асқан ер азаматтарға PSA (простатспецификалық антиген) талдауын тапсыру ұсынылады.
Орталық директорының емдеу жөніндегі орынбасары Шолпан Боранбайқызы емдеу жолдары мен дәрі-дәрмекпен қамту жайында айтып берді.
«Қазақстан халқына» қоры арқылы онкологиялық науқастар дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Қазіргі уақытта емханалық және стационарлық емдеуде қажетті препараттар жеткілікті. Кей жағдайларда тек ауа райы мен логистикаға байланысты кідірістер болғанымен, науқастардың емін үзбеу үшін алдын ала қор жасақталады.
Естеріңізге сала кетейік, обырдың аталмыш түрлерін анықтау мақсатында облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында 21 маусымда ашық есік күні жоспарланып отыр. Таңғы 09:00-ден 13:00-ге дейін кез келген азамат (жеке куәлігімен) онкология орталығына келіп, мамандардан кеңес ала алады. Жолдама мен алдын ала жазылу талап етілмейді.
Фото: Жібек Нұрахмет






