KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
520.02 608.79 6.57

Балаға үлгі, қоғамға тұлға: Әке рөлін көтеру жолдары айтылды (видео)

13.06.2025, 12:35 308 Жанаргүл Көкенайқызы

"Отағасы" деген мәртебеге лайық ер азаматтарды көбейту, отбасындағы әкенің рөлін күшейту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы тақырып Өскеменде Әкелер күніне орай өткен «Қазіргі қоғамдағы әке болу мәселелері» атты дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынға қатысқан сарапшылар тек өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, отбасылық, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде әкелерге қолдау көрсетудің жолдарын ұсынды.

Халқымызда бала бойындағы жақсы-жаман қасиетті алдымен әке мен атаның тәрбиесінен көреді. «Әкесі сондай адам еді», «Атасы көреген еді» деп отырамыз. Бірақ қазіргі қоғамда әкенің бейнесі көлеңкеде қалып бара жатқаны жасырын емес.

Облыс әкімінің гендерлік саясат жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Зарина Қамасованың айтуынша, ғылыми зерттеулер баланың тәрбиесіне әкенің қатысуы оның ақыл-ой және эмоциялық дамуына оң әсер ететінін көрсетіп отыр. Осы ретте мектеп пен отбасында әкенің рөлін күшейтетін нақты шаралар қажет.

– Отбасының құндылығы туралы, әсіресе көп жағдайда елеусіз қалып жататын әке рөлі жайында айту үшін жиналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар мәселесін жиі көтеріп жүр. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Әке тәрбиесін арттыру бағытында біз нақты ұсыныстарымызды ортаға салдық, – деді адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков.

Жанұяда ана – жылулық пен эмоционалды қолдаудың көзі болса, әке – тұрақтылық пен шешім қабылдаудың тірегі. Бала үшін әке – тәлімгер ғана емес, өмірге белсенді араласушы тұлға болуы керек.

Алайда, кей жағдайларда әке өз міндетінен жалтарып, алимент те төлемейтін жайттар кездеседі. Облыстық жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары Айдар Серікқалиевтің айтуынша, бүгінде өңірде 13 мыңнан астам алимент өндіру ісі бар, оның 1476-сы мүлде төлемей жүр.

– Мұндай азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қабылданып жатыр. 209 адам әкімшілік жазаға тартылса, 89 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, – деді Айдар Серікқалиев.

Шара барысында лицей-интернат директоры Рахман Оксюз, қоғамдық бірлестік жетекшісі Жанар Қабидуллақызы, полиция департаментінің өкілі Зарина Әлімжанова және өзге де қатысушылар әке институтын қолдауға бағытталған нақты ұсыныстарын айтты. Әке – тек отбасындағы тірек емес, қоғамдағы маңызды тұлға ретінде мойындалуы тиіс деген ой түйінделді.

Фото: Екатерина Семина

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу