KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Төр Алтай төріндегі ақ отаулар - өнер, өнім, дәстүр тоғысқан рухани мереке

14.06.2025, 14:30 217 Айдос Мырзахметов


«Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында Шығыс Қазақстан облысының аудандары өздерінің озық жетістіктері мен төл өнерін жұртшылыққа кеңінен таныстырды. Фестиваль аумағында тігілген өрнекті ақ отаулардың әрқайсысы тек дәстүр көрінісі ғана емес, жергілікті қолөнершілердің туындылары мен ауыл кәсіпкерлерінің үздік өнімдерінің көрмесіне айналды. 

Келушілер әр ауданның ерекшелігін, рухани-мәдени тынысын, жергілікті халықтың еңбекқорлығын бір жерден тамашалап, шынайы бағалай алды.
Өңірдің осы бай әлеуетіне көзайым болған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов киіз үйлер ішіндегі шеберлер жұмысына, аудан өнімдерінің сапасына тоқталып, тұрғындардың ізденісіне ризашылық білдірді.

Осындай алаңдар арқылы әр аудан өз жетістігін көрсетіп, халықтың кәсібін, өнерін, қолөнерін елге танытатындығы айтылды. Өңір дамуына өзінше үлес қосып отырған әр ауданның ішкі тірлігінің айшығы шағын ақ отауда көрініс тапты. Төл өнер мен маңдай тер еңбек көрінісі — ерекше құндылық екенін аймақ басшысы атап өтті.

Киіз үйлердің табалдырығынан аттаған сәтте қонақтарды әуелеген ән мен күмбірлеген күй қарсы алды. Ұлттық аспаптардың үні мен шеберлердің туындылары мерекенің шынайы көркін ашып, шетелдік туристердің де қызығушылығын арттырды.

Шара барысында қонақтар дәстүрлі қолөнер бұйымдарын сатып алып, жергілікті өнімнің дәмін татып, рухани атмосфераны сезініп қайтты. «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі осылайша мәдениет сыйлауымен қатар аймақтың экономикалық мүмкіндігін де айшықтайтын алаңға айналды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу