Риддер туристік орталыққа айналмақ
Фото: pinterest.com
Риддерді көргісі келетіндер көпп, себебі бұл қала табиғат пен тыныштықты, белсенділік пен шынығуды қатар іздейтін жандар үшін нағыз тартылыс орталығы. Риддердің ерекшелігі – оның Алтай тауларының баурайында орналасуы. Мұндағы таза ауа, ну орман, мөлдір өзендер адам жанын тыныштандырады әрі жаңа әсерге бөлейді.
Қала маңында орналасқан Батыс Алтай мемлекеттік қорығы мен Алтай ботаникалық бағы – табиғат әуесқойлары үшін таптырмас орындар. Сонымен қатар заманауи демалыс нысандары белсенді туризмді жақсы көретіндерге ыңғайлы. Қыста шаңғы, жазда жаяу серуен мен экотуризм бағыты қарқынды дамуда.
Соңғы жылдары өңірдегі фестивальдер мен мәдени іс-шаралар туристер ағынын еселей түсті. Ал Поперечное ауылын гастрономиялық және экологиялық туризмнің жаңа орталығы десек, артық айтқандық емес. Қысқасы, Риддер – табиғи сұлулық, тыныштық пен белсенді демалыс үйлескен, келушіні таңырқатып, қайта оралтып тұратын ерекше мекен.
Еліміздегі ең үздік туристік ауылдардың бірі – Поперечное
Иә, Риддер қаласы соңғы жылдары тек өндірістік емес, сонымен қатар туристік әлеуетімен де танылып келеді.
Риддердің туристік тартымдылығы оның табиғи ресурсымен, әсіресе Алтайдың көрікті тауларымен тығыз байланысты. Қала маңында Батыс Алтай мемлекеттік қорығы, Алтай ботаникалық бағы және 41 туризм нысаны орналасқан. Олардың қатарында 12 қонақ үй, 2 тау шаңғысы базасы, 26 демалыс базасы және балалар лагері бар.
Пандемия кезеңі ішкі туризмнің серпінді дамуына түрткі болды. 2020-2024 жылдар аралығында жеке инвестициялар есебінен 5 туризм нысаны іске қосылды. Олардың ішіндегі ең ірілері – «Bear Log» қысқы туризм базасы және «Ridder Resort Hotel» қонақ үйі. Жобаларға 3,8 миллиард теңге инвестиция салынып, 100-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Риддерден 16 шақырым жерде орналасқан Поперечное ауылы қонақ үйлер мен гастрономиялық туризмнің орталығына айналуда. Бірегей табиғаты мен мәдениеті арқылы аталмыш елдімекен еліміздегі ең үздік 5 туристік ауылдың қатарына еніп отыр. Қазір ол ауыл UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауына қатысуда.
Келер жылы мұнда «Cabana» желілік қонақ үйі ашылуға тиіс. Бұл жоба инфрақұрылымды жақсартып, жаңа туристерді тартуға жол ашпақ.
Туристік кадрларды даярлау бойынша Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде арнайы семинарлар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ туризм саласындағы кәсіпкерлерге 7 мемлекеттік қолдау тетігі ұсынылған. Олардың қатарында туроператорларды субсидиялау, жабдықтар құнын өтеу, жол бойындағы сервисті дамыту, балаларға арналған авиабилеттерді субсидиялау бар. Мысалы, «Эдельвейс» базасы бэби-лифт сатып алуға мемлекеттік көмек алған.
Риддерде тау туризмін дамыту мақсатында «Анатау» кешені салынбақ. Былтыр халықаралық Macterconcept Consulting Asia компаниясымен бірлесе отырып, тау курорты мен туристік жылжымайтын мүлік орталығы бойынша жол картасы әзірленді.
Қаладағы туризмнің тағы бір серпінді дамуына Риддер – Томск теміржол бағытының қайта іске қосылуы ықпал етті. Бұл көлікке қолжетімділікті арттырып, туристер санын көбейтуде.
Қорытындылай келе, Риддер туризмнің жаңа деңгейіне көтеріліп келеді. Мемлекеттік қолдау, жеке инвестициялар және табиғи артықшылықтардың үйлесімі бұл саланы қала экономикасының драйверіне айналдыруда. Ендігі мақсат – жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асырып, өлкені халықаралық деңгейдегі туристік орталықтардың бірі ету.
Абаттанған аулалар шаһар көркін ашпақ
Соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымын жаңарту, аулаларды абаттандыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Жергілікті билік пен әлеуметтік серіктестердің бірлескен жұмысы нәтижесінде шаһарда тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Алдағы жаз маусымында Риддерде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қолға алынатын жобалар шаһардың инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындар мен балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Жол қауіпсіздігі саласында да бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру, жол белгілерін жаңарту және орнату жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар автобус аялдамалары орнатылады.
Қаланың экологиялық тазалығын сақтау мақсатында шөп қырқу, гүлзарлар отырғызу, қоқыс алаңдарын жөндеу, құлағалы тұрған ағаштарды кесу сынды жұмыстар атқарылады. «Ардагерлер» саябағында қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылып, балалар ойын аймағы ашылады. Бұдан бөлек, «Даңқ» ескерткіші мен «Ливино» ауылындағы көпір жөнделеді. Қала маңындағы Бутаково және Поперечное ауылдарында көше жарығы орнатылып, №3, №10, №11, №14 мектептердің аумағына көше шамдары орнатылады.
Қорытындылай келе, Риддерде биылғы жазда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асады. Жергілікті билік пен әлеуметтік серіктестердің үйлесімді жұмысы нәтижесінде қала тұрғындары үлкен өзгерістердің куәсі болмақ.
Инфрақұрылым: мәселелер шешіліп жатыр
Осы жылы Риддерде жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының жөндеу аясында ұзындығы 6 шақырым болатын жылу желілері, екі қазандық және жиыны 23 жылу тарату желісі жаңартылатын болады. Бұл жұмыстар қала тұрғындарын үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.
– Сонымен қатар «Гавань» ауданында сумен жабдықтау желілері салынады. Бұл бастама халықты ауызсумен қамту мәселесін шешуге және су тапшылығының алдын алуға сеп болады. Аталған жобалар бюджет қаражатын бөлуге байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қалалық әкімдік тұрғындарды осы бағыттағы жаңғырту жұмыстары жөнінде хабардар етіп отыр, – дейді Ерболат Ошақбаев.
Түйіндер болсақ, Риддерде инфрақұрылымдық мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Жылу мен су жүйесін жаңарту жобалары тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру мүмкіндігін ұсынбақ. Жергілікті билік бұл жұмыстардың сапалы әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз етуге ниетті.